
15 қараша күні облыс орталығында дәстүрге айналған “Туған жер - алтын бесігім” жобасы аясында Ұлан ауданының мәдени күндері өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының сахнасында Ұлан ауданының шығармашылық ұжымдарының өнер көрсетуімен “Ұлы мекен - туған елім” атты концерт ұйымдастырылды. Шара басталмастан бұрын өскемендіктер фойедегі көрмені тамашалады. Онда ауданның қолөнер шеберлерінің туындылары, “Ақбауыр” тарихи-археологиялық кешенінің жәдігерлері, жергілікті кәсіпкерлердің ұлттық тағам өнімдері мен аудандағы жылыжайда өсірілген лимон ағашы, кактус, орхидея сынды өсімдік түрлері ұсынылды. Оған қоса оркестр орындауында күмбірлеген күй шырқалып, залды ерекше атмосфераға бөледі. Ал аудан қолөнершілері мен оқушылары қамшы өру, жүннен картина жасау, қамыс, алаша тоқу, киіз басу сынды төл өнерден мастер-класс көрсетті. Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосыновтың сөзінше, “Туған жер - алтын бесігім” жобасының аудандардың мәдени әлеуетін арттыруға тигізер үлесі зор.
- Бүгінгі шараға 16 ауылдық округтің өнерпаздары қатысып отыр. Аудан атын таныту үшін аға буын мен жастар қатар атсалысты. Оның ішінде 50 жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқандар да бар, - дейді аудан басшысы.
Ауқымды шараға белгілі бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы да келіп, қонақтардың қазақтың дәстүрлі саятшылық өнеріне деген қызығушылығын арттырды. Көпшілік көңілінен шыққан көрмеден соң қос ауданның күміс көмей әншілері мен мың бұралған бишілері сахна төрінде өнерден шашу шашты. Алдымен жұрт “Ұланда туған ұл еді” атты қойылымды тамашалады. Одан соң өскемендіктерге арнап халық әндері мен заманауи жанрдағы шығармалар шырқалды. Ауданға белгілі солисттер мен “Бескөл” халықтық фольклорлық ансамблі, “Балауса” хореографиялық ансамблі, “Задоринка” балалар ансамблі, “Таврия” халықтық орыс әндері хоры, “Айсофи” би тобы, “Сырғалым” вокалдық тобы, үрмелі аспаптар ансамблі, “Ұлан” вокалды аспапты ансамблі, жетігеншілер ансамблі, “Гәкку” әжелер тобы өнерсүйер қауымды ән мен биге бөледі. Ал “Алатау серілері” тобы “Молдабайдың әні” мен “Алаш ұранын” шырқап, залда отырғандардың ыстық ықыласына бөленді. Концерт барысында Ұлан ауданынан шыққан танымал тұлғалардың есімдері аталып, шолу жасалды.
Ұлан ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерхат Сатыевтің айтуынша, мерекелік кешке 200-ге жуық өнерпаз келген.
- Алматыдан арнайы шақырылған “Алатау серілері” тобы да әннен шашу шашты. Топтағы Азат Дулатұлы Тарғын ауылдық округінің тумасы екенін айта кету керек. Сондай-ақ жерлесіміз, танымал флейташы Бекболат Байсағатов та концертке арнайы келді, - дейді ол.
Шара соңында өнерпаздар хор орындап, сахна төріне ықылас гүлі шығарылды. Осылайша, Өскемен жұрты Ұлан жерінен шыққан шын өнерпаздардың шеберлігіне тәнті болып қайтты.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер