444.76 495.37 5.37
A+ A A-

Мектепке де бір ғалым керек: Президент қолынан марапат алған Меруерт Мұқашеваның ұстаздық жолына үңілсек...

Мектепке де бір ғалым керек: Президент қолынан марапат алған Меруерт Мұқашеваның ұстаздық жолына үңілсек... [xfgiven_foto]Фото: [/xfgiven_foto]

Жақында Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының ұстазы Меруерт Мұқашева Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын алды. Ғұмырының отыз жылға жуығын ұстаздық жолға арнаған педагог Тарбағатай ауданының тумасы. Мұғалімдер отбасында тәрбиеленіп, бала кезінен білім саласының тыныс-тіршілігін көріп өскен ол бұл мамандықты кездейсоқ таңдамаған. Әсіресе ұлт ұстазы атанған Қанипа Бітібаеваның тәлімін алып, білім беру тәсілдеріне қанығу Меруерт Мұқашеваның кәсіби қалыптасуына айрықша ықпал еткен. Бүгінде өзі де шәкірт тәрбиелеп, жас ұрпақты ғылым мен ізденіске баулып жүрген ұстазбен еңбек жолы, дарынды балалармен жұмыс, кітап оқу мәдениеті және мұғалімнің қоғамдағы орны туралы әңгімелестік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Алдымен әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ. Соған тоқталып, артынша ұстаздық жолды таңдауыңызға не себеп болғанын, еңбек өтіліңіз қанша жыл болғанын айта кетсеңіз.

– Тарбағатай ауданына қарасты Қамысты ауылының тумасымын. Әке-шешем – екеуі де мұғалім. Анам мектеп басқарса, әкем еңбек пәнінен сабақ берді. Осындай отбасында дүниеге келген соң, ұстаздық мамандықты таңдауым заңдылық та шығар. Қамысты ауылындағы С.Торайғыров атындағы мектепте тоғыз жыл білім алдым. Қазір ойлап қарасам, бүгінгі жетістіктерімнің бастауы сол мектептен өрбіген екен. Бір күні Қанипа Бітібаеваның авторлық сыныбы ашылғаны туралы хабарландыруды көзім шалып қалды. Сол сәтте әкеме: «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келеді. Қанипа апайдың мектебіне апарыңызшы», – дедім. Ал анам тоғызыншы сыныптан кейін медициналық оқу орнына түскенімді қалаған еді. Алайда мен өз таңдауымнан қайтпадым. Әкем де өтінішімді қабыл алып, Жамбыл мектебіне алып келді. Қанипа Бітібаеваның авторлық сыныбына емтихан тапсырып, оқуға түстім. Қанипа апайды алғаш көрген күннен бастап ұстаздық мамандыққа деген махаббатым оянды. Осы жолды таңдауыма ең алдымен сол кісінің тұлғасы мен өнегесі әсер етті.

 

– Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатындағы еңбек жолыңыз қалай басталды? Осы білім ордасында қанша жылдан бері қызмет етіп келесіз?

– Осы мектепте 10-11 сыныптарды оқыдым. Мектеп бітірген соң Қанипа апамның жолын қуып, ұстаз болсам деген арманым айқындала түсті. «Нағыз ұстаз қандай болуы керек?» деген сұрақ қойылса, мен оған Қанипа апаның болмысын, еңбегі мен өмір жолын үлгі етер едім. Себебі ол кісі мектепте қызмет ете жүріп, әдістемелік жұмыстармен айналысуға, ғылыммен шұғылдануға, шәкірт тәрбиелеуге уақыт табатын. Сол кездің өзінде әдістемелік еңбектер мен оқулықтар жазды. Кітапханаға барып, бізге бейтаныс жазушылар мен ақындардың шығармаларын алдыртып, оқуға тапсырма беретін. Бізді үнемі ізденіске жетелейтін. Еңбек жолымды бастағаныма 30 жылға жуықтады. Оның өзі осы мектептен басталды. Менің бірінші бақытым – Қанипа апаның шәкірті атануым болса, екінші бақытым – кейін сол кісінің әріптесіне айналуым. Алдымен Абай атындағы педагогикалық колледжде білім алып, кейін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін тәмамдадым. Осы оқу орнында магистратура мен докторантураны да аяқтадым. Дегенмен мектептен кеткен жоқпын. Докторлық диссертация қорғап жүрген кезімде «Жоғары оқу орнына ауысасыз ба, әлде басқа салаға кетесіз бе?» деген сұрақтар жиі қойылды. Менің жауабым біреу ғана болды: «Мектепке де бір ғалым керек». Өйткені шәкірттерімді ғылым жолына бағыттап, олардың бойында зерттеуге, ізденуге деген қызығушылықты оятқым келеді.

 

– Дарынды балалармен жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері қандай? Олардың қабілетін байқап, дамыту үшін қандай әдістерді қолданасыз?

– «Дарындылық туа біте ме, әлде жүре қалыптаса ма?» деген сауал төңірегінде түрлі ғылыми тұжырым бар. Олардың бәрін еңбектерден, кітаптардан оқимыз. Ал ұстаз ретінде біз дарындылықты алдымызда отырған оқушының бойынан көреміз. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген жақсы мақал бар. Меніңше, алдымызда отырған әр баланы бұлаққа теңеуге болады. Әрқайсысының бойында өзіндік қабілет, ерекше қасиет бар. Бірі бірден ақын, екіншісі айтыскер, үшіншісі әдебиетші болып қалыптаспайды. Әр баланың табиғат берген дарынын танып, оны дамытуға жағдай жасау қажет. Қазіргі балалар ерекше. Олар заман талабына сай дамыған, өзіндік көзқарасы қалыптасқан, ойын ашық жеткізе алатын еркін ұрпақ. Сондықтан ұстаз ең алдымен баланы тани білуі керек. Оның қандай іске бейімі барын байқап, сол қабілетін ашуға көмектесуі маңызды. Бұл ретте баланың дамуы тек мұғалімге емес, ата-анаға да байланысты. Қазір «бала – мектеп – отбасы» үштігінің өзара байланысына ерекше мән беріліп отыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жандандыруымыз керек. Тағы бір айтарым, ұстаз баладан талап етпес бұрын, өзі де ізденіп, еңбектеніп, шығармашылықпен айналысуы қажет. Өйткені мұғалім бойындағы қасиет пен құлшыныс шәкіртіне де беріледі. Өзіңіз ізденбесеңіз, баланы қалай ізденуге шақырасыз?


– Ұстаз ретінде шәкірттеріңіздің қандай жетістіктеріне ерекше қуанасыз? Есіңізде қалған бір оқушының оқиғасын айтып берсеңіз.

– Шәкірттерім көп, әрқайсысының орны бөлек. Сондықтан бірін бөліп-жарып айту қиын. Руслан Меделбек есімді шәкіртім бар. Қазір шетелде еңбек етіп жүр. Жүрген жерінде қазақ тілінің дамуына өз үлесін қосып келеді. Оқушы кезінен-ақ мақсаты айқын, талабы биік болатын. Оның сөз саптауы, ана тіліне деген құрметі ерекше еді. Біз осы шәкіртімізді өзгелерге үлгі етіп айтып отырамыз. Бұл ұстаз еңбегінің нәтижесі деп білемін. Тағы бір ерекше есіме түсетін шәкіртім – Мейір. Өмірімде түрлі қиындыққа тап болып, көңілім түсіп жүрген кезімде осы баланың бір ауыз сөзі маған үлкен демеу болды. Ол «Өмір сүргім келеді, сізді көрсем» деп жазылған картина сыйлаған еді. Сол сөзді естігенде, ұстаз үшін бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін деп ойладым. Шәкірттеріміз бізге қарап шабыт алса, біз де олардан жігер аламыз. Ұстаздық мамандықтың құдіреті де осында шығар.


– Жақында Президент қолынан марапат алдыңыз. Ақордадан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.

– Бұл марапатты өзімнің ғана емес, барша ұстаздар қауымының еңбегіне көрсетілген құрмет деп қабылдадым. Республика бойынша 30-ға жуық мұғалім қатыстық. Ақордаға табан тіреген сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Ондай ерекше толқынысты өзім ғана емес, жанымдағы әріптестерімнің жүзінен де байқадым. Маған Президент алдында сөз сөйлеу мүмкіндігі берілді. Қалай болғанда да, Ақордадағы сол сәт мен үшін өмірімдегі ең ерекше әрі толқынысты оқиғалардың бірі болды.


– Кітап оқу мәдениеті мектептерде қалай қалыптасып жатыр? Әдебиетке ден қойған оқушылар көп пе?

– Астана қаласында болып, ондағы бірқатар мектеп жұмысымен таныстым. Кітап оқу жобаларын жүйелі түрде жүзеге асырып, оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға күш салып жатқан білім беру ұйымдары бар екен. Біздің мектепте де төрт-бес жыл бұрын кітап оқуға қатысты байқау ұйымдастырылған болатын. Меніңше, кітап оқу әдебиет пәнінің мұғалімдеріне немесе гуманитарлық бағыттағы мамандарға ғана жүктелмеуі керек. Қай пәнді алсақ та, соның негізінде оқу, іздену, ақпаратты түсіну дағдысы жатыр. Мәселен, химия мен физиканың өзін меңгеру үшін алдымен теориясын оқып, түсіну қажет. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бүкіл мектеп ұжымы атсалысуы тиіс. Ең бастысы, баланы кітап оқуға мәжбүрлемей, қызықтыра білу керек. Кейде оқушы белгілі бір пәнге мұғалімінің ықпалымен қызығушылық танытады. Ұстаздың оқуға деген құлшынысы мен кітапқа деген құрметі балаға да әсер етеді. Мұның өзі – үлкен мүмкіндік.


– Қазақ әдебиеті пәні мұғалімі ретінде қандай шығарманы ерекше сүйіп оқисыз? Неліктен?

– Қанипа апай бізге мектеп қабырғасында жүрген кезімізде жыл сайын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқытатын. Бұл шығармаға деген қызығушылығым соншалық, докторлық диссертациямның тақырыбын да осы туындымен байланыстырдым. Зерттеу жұмысымда «Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде жазылым дағдысын дамыту» мәселесін қарастырдым. Бұл тақырып маған етене таныс әрі өте қызықты болды. Шығарма тартысы, кейіпкерлер бейнесі, көркемдік шеберлігі мен тілін тұтас бір әлем деуге болады. Қазір де оқушыларыма ең алдымен «Абай жолын» оқуға кеңес беремін. Тіпті «Абай жолын оқымаған қазақ қазақ емес, ең алдымен осы шығармадан бастауымыз керек» деп айтып отырамын. Ал ер балаларға Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқуды міндетті деп санаймын. Өйткені өз тарихымызды білу үшін осындай шығармалармен танысуымыз керек. Меніңше, қазақ баласының рухани дүниесі осы екі туындыны оқудан басталса, артық болмайды.

 

– Жас мамандар мен болашақта мұғалім болуды армандайтын жастарға қандай кеңес берер едіңіз? Сіздің ойыңызша, нағыз ұстаздың басты қасиеті қандай?

– Ұстаз болу үшін ең алдымен жүрек керек. Мен балаларды өте жақсы көремін. Қай жерде жүрсем де, жанымнан бір бала көріп қалсам, оны өзіме жақын тартып, ерекше күйге бөленемін. Кейде адамдар менің мұғалім екенімді бірден байқап жатады. Балаға деген ықыласым мен сүйіспеншілігім сырт көзге де көрінетін шығар. Егер баланы жақсы көрмесеңіз, оған қалай құлшыныспен білім беріп, шыдамдылық таныта аласыз? Оқушы бірден жаза алмауы мүмкін, қателеседі, кейде күткен нәтиже де бола бермейді. Осындай сәттерде оған түсіністікпен қарап, қайта-қайта үйретуге күш беретін нәрсе – балаға деген сүйіспеншілік. Екіншіден, ұстаз уақытпен санаспай еңбек етуі керек. Қанипа апайдың бізге қоятын басты талаптарының бірі де осы болатын. «Еңбек етесің, уақытпен санаспай еңбек етесің» деп жиі айтатын. Сабақ аяқталды екен деп, жұмысыңды бірден тоқтатуға болмайды. Сабақтан тыс уақытта да оқушымен бірге болып, оның дамуына, ізденуіне мүмкіндік жасау қажет.

 

– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

– Сіздерге де рахмет, аман жүріңіздер!


Әдемі АМАНГЕЛДІ

Мақаламен бөлісу:
Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив