Өңірдегі Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімінде қазір 140 адам есепте тұр. Олардың әрқайсысымен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, сот жүктеген міндеттердің орындалуы мен белгіленген шектеулердің сақталуы бақылауда болады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында пробация есебінде тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, олардың мінез-құлқына, белгіленген талаптарды сақтауына назар аударылады. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтарға заң талаптарын түсіндіру және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету жұмыстары жүргізіледі.
Пробация қызметінің жұмысы тек бақылаумен шектелмейді. Оның маңызды міндеттерінің бірі – есепте тұрған азаматтардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне көмектесу, жұмысқа орналасуына, құжаттарын рәсімдеуіне және қоғамдағы өз орнын табуына қолдау көрсету.
Сол жағалау аудандық пробация қызметі бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Мұхтарбекқызының айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралардың маңызы зор.
– «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және пробация есебінде тұрған азаматтар тарапынан қайталама құқық бұзушылықтарға жол бермеу. Есептегі әрбір азаматпен жеке жұмыс жүргізіледі. Біз олардың сот белгілеген міндеттерді орындауын қадағалап қана қоймай, қоғамға бейімделуіне де көңіл бөлеміз. Себебі басты мақсатымыз – құқық бұзушылықтың алдын алып, азаматтардың заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыруына ықпал ету, – дейді Гүлжан Мұхтарбекқызы.
Құқықтық тәртіпті сақтау – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ал алдын алу жұмыстарының нәтижелі болуы әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін сезінуінен басталады.
Пікірлер