Аймақта 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған 206 балабақша мен 180 шағын орталық бар. Алайда екі жасар балалар үшін әлі де орын жеткіліксіз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері балабақшаларда 380 жаңа орын, оның ішінде Өскеменде 240 орындық балабақша ашылды.
- Жұмыс істеп тұрған балабақшаларға қосымша 140 орын қосылды. Кезекті қысқарту үшін жыл соңына дейін 1593 жаңа орын ашу жоспарда бар, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева.
Өңірдегі білім ордаларында да дәл осындай тапшылық байқалады. Анығын айтқанда, 4879 орын қажет.
- Биыл жергілікті бюджет есебінен Өскеменде 600 орындық мектеп салынды. Сондай-ақ Зайсан (300 орын) және Жаңа Бұқтырма кентінде (200 орын) мектептер құрылысы жалғасуда. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3000 оқушыға арналған жеті мектеп салу көзделіп отыр: Өскеменде 1500 орындық үш мектеп, Риддерде – 600, Шемонаихада – 300, Глубокое ауданында 600 орындық екі мектеп, - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, жуықта аталған жоба шеңберінде Шемонаихада жаңа білім ордасы ашылды.
Пікірлер