Өскеменде 2009-2011 жылғы балалар арасында «Алтай жұлдыздары» атты жүзуден республикалық жарыс басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс орталығында орналасқан орталық бассейнде басталған жарысқа республиканың 7 облысынан спортшылар келіп өз бақтарын сынауда. Бұл дода ең алғаш 2018 жылы басталған, міне содан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Жарысқа жалпы саны 13 команда тіркелген, олардың арасында облыстық және жеке орталықтардың қатысушылары да бар.
Шараның мақсаты - шығыстағы жүзу спортының қарқынды дамуы мен өңір спортшыларының республикалық құрама сапына кіруіне жағдай жасау. Соңғы 10 жылда ШҚО-дан екі жүзуші осы спорт түрі бойынша спорт шебері атағын алған.
- Жақында «Азия балалары» атты ауқымды жарыс өтті. Оған облыстан Тайсия және Мансұр есімді екі спортшымыз қатысып, екеуі де жеңіс тұғырынан көрінді. Бірі алтын жүлдені қоржынға салса екінші спортшымыз үшінші орынға жайғасты. Солар сияқты мықты-мықты жүзушілерімізді дайындап, оларға жағдай жасау - біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі басталған шара да соның жалғасы. Көріп тұрғандарыңыздай, турнир республикалық деңгейде өтуде. Еліміздің бірқатар аймағынан келген жүзушілер өз бақтарын сынауда. Суда жүзген балықтай алдына қара салмайтын кілең мықтылар бас қосты бүгін. Біздің де спортшыларымыз осал емес. Намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз. Басты қарсыластарымыз - Алматы облысы мен Астана қаласының спортшылары, - деді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Құсұмбаев.
Айта кетейік, орталық бассейн ғимаратында өтіп жатқан турнир үш күнге созылады. Оған өңірден 160-қа жуық бала қатысуда.
Балалар мен жасөспірімдер бойынша су спорт мектебінің директоры Олжас Ғазизовтың сөзінше, су спорты бойынша ШҚО алдыңғы қатарда.
- Жарыс үш санат бойынша өтеді, олар брасс, баттерфляй және еркін әдістермен жүзу. Бәсекеге барлығы 315-ке тарта спортшы қатысып жатыр. Жалпы біздің өңірде жүзу - қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің қатарында. Алдағы басты мақсатымыз - Қазақстан чемпионатын ұту. Соған орай бұл бәсеке де спортшыларға үлкен сабақ, тәжірибе болады. Әрине, алда жоспар көп, соның бірі - өз өңіріміздің спортшыларын республикалық құрамға кіргізу. Қазір облысымыздан 6 спортшы негізгі құрамада бақ сынайды, - деді су спорты мектебі директоры.
Айта кетейік, орталық бассейн балаларға тегін қызмет көрсетеді. Ал үлкендерге белгіленген сомма бойынша төлеп суға түсулеріне болды. Сонымен қатар мүмкіндігі шекетеулі жандарға, көп балалы ата-аналарға тегін жағдай қарстырылған. Бұдан бөлек зейнеткерлерге елу пайыз жеңілдік көрсетілген.
Пікірлер