
Ұлу жылы шығысқазақстандықтар үшін несімен есте қалды?
2024 жыл да қас пен көздің арасында зу етіп өте шықты. Санаулы күндерден соң жылан жылы есігімізге енгелі тұр. Сондықтан ұлу жылын қорытындылап, осы 12 айда Шығыс Қазақстан облысында болған елеулі оқиғалар мен маңызды өзгерістерді ой елегінен тағы бір өткізіп көрелік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қар құрсауында қалды
Қаңтар айының 7-інен бастап Марқакөл ауданында қар тоқтаусыз жауып, боран соқты. Кей жерлерде қар қалыңдығы 1,8-2 метрге дейін жетті. Марқакөл мен Төсқайың ауылдық округтерінде көлік жүруден қалды. Көп ұзамай әкімдік ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады. Қарой, Қайнарлы, Төсқайың, Ұрынқай, Бұғымүйіз елдімекендері мүлде оқшауланып қалған. 16 қаңтарда ол жаққа тікұшақ ұшып, халыққа азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізді.
Осындай қиын-қыстау сәтте жұрт бір-біріне қолдан келгенше жәрдемдесті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, басқа аудандардың халқы қар күресуге көмектесіп, техникаларын тартты. Қаражат жинастырғандар да болды. Сөйтіп, жағдай реттеліп қалды.
Қойды қырып кетті
Қаңтар айында Самар ауданында сілеусін бір үйдің 15 қойын қырып кетті. Тағы 10 басын жаралаған. Жыртқыш аң Көкжота ауылы тұрғынының қорасына есіктің түбін қазып кірген. Бұдан бөлек, жыл көлемінде малын қасқыр жеп кеткен шаруалар бірнеше мәрте дабыл қақты. Әсіресе, Тарбағатай, Зайсан, Катонқарағай және Самар аудандарынан жиі шағым түсті. Осыған байланысты облыста 442 қасқырды атуға рұқсат берілді.
28 сәуірде қасқыр малды қойып адамға шапты. Оқиға Алтай ауданы Быково ауылында болды. Есігі ашық тұрған жер үйге кіріп кеткен түз тағысы адам мен екі итті тістеп алған. Кейін ауыл тұрғындары өз беттерімен жиналып, сол қасқырдың ізіне түсіп, көзін жойды. Қасқырдан патологиялық материалдар алынып, сараптама нәтижесі оның құтыру ауруына шалдыққанын көрсетті. Зардап шеккен ер адам екпе алып, ауруханада емделіп шықты.
Шахтадағы апат
31 тамызда сағат 17.30 шамасында Глубокое ауданындағы KAZ Minerals компаниясына қарасты «Ертіс» шахтасында жазатайым оқиға болды. Газдан уланып қалған 4 адам көз жұмды. Олардың екеуі кәсіпорынның, екеуі мердігер ұйымның жұмысшылары болған. Ал 1 қыркүйекке қараған түні дәл осы KAZ Minerals компаниясына қарасты «Артемьев» шахтасында үстіне тас құлап кеткен мердігер ұйымның үңгушісі қаза болды. ШҚО әкімі Ермек Көшербаев марқұмдардың отбасыларына барып, көңіл айтып, қажетті көмек көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Катонқарағайдағы әуе қатынасын реттеуді тапсырды. Осыдан соң көп ұзамай Катонқарағай және Зайсан аудандарына әуежай салынатындығы белгілі болды. Әуежайлардың ұшу-қону жолағының ұзындығы кемінде 2 000 метр болады.
- Құрылыс жұмыстары жоспар бойынша 2025 жылдың соңына қарай аяқталады. Катонқарағай ауданы бойынша жер учаскесі Солдатово ауылының маңынан таңдалды. Зайсан ауданы бойынша бұрынғы әскери аэродром орны қолайлы саналды, - деді ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Акрамов.
Бүркітшілер фестивалі өтті
Қазанда Ұлан ауданының Бозанбай ауылында орналасқан Бүркіт төбе алаңында дәстүрлі халықаралық «Шығыс Салбұрыны» бүркітшілер фестивалі өтті. Екі күнге созылған фестивальде әлемнің бірнеше елінен келген құсбегілер сайысқа түсті. Атап айтқанда, Моңғолия, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Мажарстаннан қатысушылар шақырылған. Бүркітшілер құстарды жемге, еркін және иесінің шақыруымен ұшыру сайыстарында, шырғамен қоян және түлкі аулау жарыстарында бақ сынасты. Ауқымы кеңейіп келе жатқан дода биыл төртінші мәрте өткізілді.
Қазан айында желіде тараған видео жұртты тіксінтті. Онда көрінгендей, Зайсан ауданында оқушы қызға бір топ қыз қысым көрсетіп, боқтап, тізерлетіп кешірім сұратқан. Тәртіп сақшылары іс қозғап, бұзақы қыздар мектепішілік есепке алынды. Аудан әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қаулысымен құқық бұзушылық жасаған қыздардың ата-аналары бала тәрбиесіне байланысты өз міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылсын деген ұсыныс берілді. Осыдан соң оларға айыппұл салынып, мектеп ішінде жан-жақты профилактикалық шаралар қолға алынды.
Еске салсақ, былтыр Өскемендегі «АДК» сауда орталығының әжетханасында оқушы қыз колледж студентін соққыға жығып жатқан видео әлеуметтік желіде желдей есіп, халықтың жағасын ұстатқан. Осы екі жағдай облыста қыздардың тәртібіне баса назар аудару қажеттігін көрсетті.
Көптен күткен көпір
25 қазанда Президент тапсырмасымен Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасына салынған көпір ашылды. Бұл Орталық Азиядағы ең ұзын көпірді ШҚО-ның жеті ауданы – Күршім, Марқакөл, Зайсан, Тарбағатай, Алтай, Үлкен Нарын мен Катонқарағай халқы 60 жыл бойы күтті. Енді осы аудандардағы 152 мың адам тәулік бойы емін-еркін, өліммен бетпе-бет келмей Өскеменге қатынай алады. Бұрын олар Бұқтырма су қоймасындағы мұз өткелінен өтуге мәжбүр болған еді. Осы уақытқа дейін онда жүзден аса көлік батып, 300-ге жуық адам қаза болған. Ұзындығы 1 316 метрді құрайтын көпір тәулігіне 80 мың автокөлік өткізе алады. Көпірге дейін 18 шақырым жол салынды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көпірдің екі жағына арнайы 40 мұз ойғыш пен 100-ден астам бейнекамера орнатылған.
Тасқаланы түтін тұмшалады
Қараша айында Өскемен тұрғындары ауа сапасының күрт нашарлап кеткеніне қайта-қайта шағымдана бастады. Жел соқпай, қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасты. Қаланы қою түтін тұмшалап алып, ауруханаға ем іздеп келгендер саны күрт көбейді. 28-29 қараша күндері алғаш рет экологиялық жағдайға байланысты оқушылар онлайн форматқа ауыстырылды. Содан соң тарихта бірінші рет 4 адамға «тамақтың химиялық күйігі» диагнозы қойылды.
«Қазгидромет» РМК жүргізген мониторинг нәтижесінде зиянды шығарындылардың рұқсат етілген шектен асып кету фактісі тіркелді. Жыл басынан бері өңір экологтары ауаны ластаған кәсіпорындарға 2,2 млрд теңге айыппұл салған. ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Өскеменде экология жағдайын жақсарту үшін арнайы ұйым құрылатындығын мәлім етті.
- «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының мақсаты - ауа сапасына қатысты қордаланған мәселелердің шешімін іздеу. Қоғамның, жергілікті атқарушы органдардың және табиғатты пайдаланушылардың өзара қарым-қатынасының тиімді тетіктері қажет екенін бұдан бұрын да айтқан едім. Экобелсенділер мемлекеттік органдармен, кәсіпорындармен диалог орнату арқылы мәселені шешу жолдарын қарастыратын болады. Ең бастысы, қоғамдық бақылау күшейтіледі. Қаланың әр тұрғыны осы ұйымның заңды өкілі десе де болады, - деді ол.
Өскеменде жаңа әкім
Соңғы 6 жыл бойы Өскемен қаласын басқарған Жақсылық Омар қараша айында қызметінен босатылды. Оның орнына бұрын Күршім ауданының әкімі болған Алмат Ақышев тағайындалды.
Алмат Талғатұлы 1989 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін туризм мамандығы бойынша, Алматы экономика және статистика академиясын экономика және бизнес мамандығы бойынша, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын өңірлік даму магистрі біліктілігі бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын елордадағы «Қазақстан орталық концерт залы» әкімшілік-шаруашылық бөлімінің билет бақылаушысынан бастаған.
Ал желтоқсан айының ортасына қарай Жақсылық Омар ШҚО әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Бағымның бағы жанды
Желтоқсанда Алматыда «Қазақстан аруы-2024» республикалық сұлулық байқауының қорытындысы шықты. Соған сәйкес 20 жастағы өскемендік Бағым Балтабаева жеңімпаз атанды. Биыл бойжеткен «Өскемен аруы-2024» атағын жеңіп алған еді.
Бағым Өскеменде туып-өскен. Қазір ол С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың үшінші курс студенті. Болашақ педагог өзін модельдік жағынан да дамытып жүр. Енді Бағым Балтабаева келесі жылы «Әлем аруы» әлемдік сұлулық байқауында еліміздің намысын қорғайды.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер