Өскеменде Мәдениет және ақпарат министрлігі геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Мәлікқызының қатысуымен семинар өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараға мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік емес ұйым өкілдері, қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен мемлекеттік рәміздердің қолданылуына мониторинг жүргізетін мамандар қатысты.
Семинар барысында мемлекеттік рәміздерді насихаттау ғана емес, оларды қолданудың заңдық талаптары мен стандарттары талқыланды.
– Біздің негізгі мақсатымыз – Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерін заң талаптарына сәйкес қолдану және оларды насихаттау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Семинар аясында мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер, акционерлік қоғамдар, жеке кәсіпкерлер мен аудандық әкімдіктердің жұмысын тексеру, мониторинг жүргізу жоспарланған. Анықталған кемшіліктер бойынша ескерту беріліп, қажет жағдайда Әкімшілік немесе Қылмыстық кодекс аясында жауапқа тарту шаралары қолданылады, – деді Гүлдана Мәлікқызы.
Белгілі болғандай, 2024 жылы Қылмыстық кодекске мемлекеттік рәміздерді қорлауға қатысты өзгеріс енгізілген. Қазіргі таңда рәміздерді қорлағаны үшін 3 мың АЕК (11 миллион теңгеден астам) көлемінде айыппұл салынады. Әкімшілік кодекс бойынша да айыппұл қарастырылған.
Облыс аумағында мемлекеттік рәміздерді қолданатын 835 мекеме бар. Оларда 1700 Ту мен 1461 Елтаңба орналастырылған.
Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Арнагүл Омарбаева болашақта шекара бекеттерінде Ту тұғырларын орнату жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің тізілімі жасалып, әкімдік өкілдері рәміздердің жағдайын нақты уақытта бақылай алатын болады.
Пікірлер