Қырүйектен бастап Қазақстанда алғаш рет жатыр мойны обырын тудыратын вирусқа қарсы 11-12 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Вакцинаның өзі АҚШ-та шығарылған. Ол екі кезеңде өтеді, яғни әр қызға бір жыл ішінде екі рет екпе салынады. Белгілі болғандай екінші кезең наурыз айына жоспарланып отыр.
Облыс бойынша 11-12 жас аралығындағы 4896 қыз вакцина алу қажет. Олардың 3279-ы екпенің бірінші компонентін алып үлгерді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыздардың ешқайсында вакцинаның кері әсері байқалмады.
-АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізу - Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы үлкен қадам. Осылайша, келешекте қыз-келіншектердің жатыр мойны обырына шалдығуы азаяды. 2023 жылы Қазақстандағы ауру көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 14 жағдайға, 2024 жылы 10 жағдайға дейін төмендеді, - деді ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының онкогинекологы Жандос Жағниев.
Дегенмен ата-аналар арасында екпе алу туралы түрлі пікір қалыптасқан.
-Алғашында ата-аналар АПВ-ның не екенін және бұл вакцинацияның не үшін қажет екенін білмеді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет департаментімен, білім және қоғамдық даму басқармаларымен бірлесе отырып, мектептерде, ата-аналар жиналысында, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Арнайы чат құрылды. Басында қарсы болған аналардың 90 пайызы өз келісімін берді. Тіпті 15-16 жастағы қыздардың аналары да қызығушылық танытып, ақылы түрде екпе алғылары келеді, - дейді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова.
Қазіргі таңда тек 11-12 жас аралығындағы қыздар тегін екпе ала алады. Басқа жастағы қыздарды вакцинациялау мүмкіндігін Денсаулық сақтау министрлігі зерттеу үстінде.
Пікірлер