8 жасында мәнерлеп сырғанау әлеміне қадам басқан Жахангер Әбілқасымовтың жарқын жеңістері көптің назарында, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жетістіктерімен ел мақтанышына айналып үлгерген ол Денис Тенді кумирі санайды. Өскемен қаласында туған Жахангер қазіргі таңда Алматыдағы Денис Тен атындағы Global Figure Skating мәнерлеп сырғанау академиясында оқып жатыр. 2024 жылдың желтоқсан айында Қарағандыда өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында спорт шеберлігіне үміткер болды. Ол – Қазақстан тарихында бұл атақты 12 жасында иеленген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы. Бұл жетістік - оның талпынысы мен табандылығының нәтижесі.
Жеңіске жету оңай болмады. Мұз айдынында небәрі 4 жыл ғана өнер көрсеткен Жахангер талай қиындықты бастан өткерді. Анасы Гүлдана Әбілқасымова баласының арманына жақын болу үшін Өскеменнен Алматыға қоныс аударғандарын айтады.
-Жоғары нәтижелерге қол жеткізуде Global Figure Skating академиясындағы жаттықтырушысы Оксана Алексеевнаның еңбегі орасан зор. Жахангердің спортқа деген қызығушылығы мен талпынысын шыңдай түсіп, оның жеңіске деген сенімін арттыра білді. Қазір спорт шеберіне үміткер болған Жахангердің күн тәртібі мүлдем өзгерген. Ол аптасына алты күнін толық жаттығуға арнайды. Қазіргі басты мақсаты – мұз айдынында 3,5 рет айналуды толық меңгеру, - дейді анасы.
Жас спортшының арман-мақсаты айқын: ол мұз айдынында әлемдік додаларда топ жарып, Қазақстанның атын әлемге танытқысы келеді. Қазір Жахангер ақпанның 17-21 аралығында өтетін Қазақстан кубогының бірінші кезеңіне қызу дайындалып жатыр.
Пікірлер