«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ баға тұрақтандыру бағдарламасы сауда павильондарында картопты келісі 125 теңгеден сатуда, бұл 130 теңге мөлшеріндегі шекті рұқсат етілген бағадан төмен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Корпорацияның павильондарындағы картоптың бағасы жеткізушілермен биылғы келісімшарттар аясында өзгермейді. Бұл тәсіл - компанияның нарықтық баға ауытқуларының әсерін барынша азайтуды және халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді көздейтін кешенді стратегиясының бір бөлігі.
«Ертіс» ӘКК» АҚ мемлекеттік бағдарламалар департаментінің директоры Дидар Мажириновтың айтуынша, алдын ала жасалған келісімшарт негізіндегі өнім көлемі бағаны тұрақты ұстауға жеткілікті. Келісімшарт негізінде алдын ала келісіліп, қаражат жұмсалған картоп көлемі 5,5 мың тонна болса, бүгінгі күні қорда қалған өнім көлемі 3 мың тоннадан асады. Бұл жағдай нарық бағасының ауытқуына қарамастан картоптың келісін 125 теңгеден сатуға мүмкіндік береді.
Қазіргі келісімшарттар аяқталғаннан кейін де, жаңа келісімшарттарға қол қойылғаннан кейін де көкөніс өнімдерінің бағасы шекті рұқсат етілген бағадан аспайтын тұрақты баға болып қала бермек. Бүгінде баға тұрақтандыру бағдарламасы аясында әлеуметтік маңызы бар өнімдер 15 сауда павильоны мен 41 серіктес-дүкендер арқылы сатылуда. Ал қалған павильондар бойынша мемлекеттік реестрде ашық аукцион түрінде конкурстық рәсімдер өтуде.
Азық-түлік тауарларының айтарлықтай көлемін алдын ала, нарық бағасы өзгергенге дейін келісімшартпен бекіту бағаның өзгермейтініне кепілдік беріп, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Мұндай шешімдер өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмауға және нарықтық қымбаттаушылыққа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Компанияның мамандары нарық пен баға үрдістерін үнемі қадағалап отырады. Басқа да әлеуметтік маңызды саналатын кез келген өнім бойынша баға шарықтауы байқалған жағдайда оның құнын тұрақтандыру мәселесі арнайы комиссияның қарауына жедел ұсынылады.
Пікірлер