
Болмысы нәзік, бітімі батыр бұрымды: Гүлдарай Мұхамадиева - «Байбура асуының аңызына айналған жолшы әйел»
Шығыс Қазақстан мен Абай облысын һәм облыс орталықтары мен Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат және Көкпекті сынды 5 ауданды байланыстыратын Байбура асуы туралы білетіндер көп. Қысты күні бұл асуды аман еңсергендер шүкіршілік ететіні де рас. Бұл мақала осынау өтуі қиын асудың жолын тазалап, нәзік жаратылысына қарамай түрлі техниканың тілін тапқан Гүлдарай Мұхамадиева жайлы болмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Боранды Байбура асуы
Жынысына қарамай ердің не әйелдің жұмысы деп бөліп-жармай, кез-келген іске білек сыбана кірісетін бұрымдылардың шығыс өңірінде қарасы көп екені рас. Десе де республикалық маңызы бар жолдың бойында ауыр техниканы басқарып қана қоймай, қарамағындағы 30 шақты ер адамды жұмыспен қамтып отырған, аты аңызға айналған жолшы әйел - Гүлдарай Мұхамадиева жайлы естігенде таң-тамаша болып, таңдай қақтық.
Ол - "Қажсервис" ЖШС республикалық ұйымы филиалының №29 жол учаскесінің бастығы. Нақты айтқанда республикалық маңызы бар «Омбы-Майқапшағай» күре жолының бірден бірнеше ауданын – Тарбағатай, Көкпекті мен Жарманы қамтитын 160 шақырымнан астам бөлігі нәзік жандының қадағалуында. Жол учаскесінің ішінде халық аузынан кетпейтін Байбура асуы да бар. Әдетте қысты күні жолға қамданған жандардың сұрайтыны біреу: «Байбура асуы ашық па екен?». Себебі жыл сайын бұл асуда жолда қалып жататындар аз емес. Жергілікті тұрғындар арасында тіпті бұл туралы әзіл бар. Байбурада қар жылына 2 мезгіл жауады, жарты жыл бойы бір бағытта, жылдың келесі жартысында қарсы бағытта. Қыс түскенде ауа температурасы 45 градусқа дейін жетеді. Жақын жерде жел соқпағанымен, Байбурада боран үзілмейді. Кейіпкеріміз Гүлдарай Мұхамадиева ақ түтек боранда жолда қалған жолаушыларға қол ұшын созып, небір жанның өмірін аман алып қалған.
- Байбура асуының бойында боран соғып, көліктер бағыт-бағдар таба алмаған жағдайлар жиі болады. Осындайда Гүлдарай Закарьянқызы арқанды беліне буып алып, арнайы техниканың алдына түсіп жол көрсететін. Ол талай көліктің жолдан шығып қалуының алдын алып, жанкештілікпен қанша жанның өмірін сақтап қалған мықты әйел, - деді «ҚазАвтоЖол» АҚ Абай облысындағы филиалы директорының орынбасары Айдын Ескенов.
Техниканың тілін меңгерген
Гүлдарай Мұхамадиеваның айтуынша, техникаға деген сүйіспеншілігі бала кезінде әкесімен бірге мотоцикл жөндеген сәттерде пайда болды. Ол еңбек өтілін өзі туған Көкпекті жерінде қарапайым жұмысшы болып бастаған. 40 жылдан астам уақыт ішінде қатардағы жұмысшыдан учаске бастығына дейін лауазымы артып, әріптестеріне үлгі болды. Гүлдарай Закарьянқызының қарамағында 30-ға жуық ер адам бар. Ол креслода отыратын басшы емес, кез келген уақытта техникаға мініп ерлермен тең дәрежеде қызмет етеді. Болмысы нәзік, бітімі батыр бұрымды тракторлардан бастап небір ауыр техникалар: шнекоротерлер мен автогрейдерлерді де тізгіндей алады.
- Мен үшін жұмысым қорқыныштан гөрі мақтаныш. Әрдайым өңірдегі жолдардың қауіпсіз болуын армандайтынмын. Бұл әрине қиын шаруа. Жазда жөндеу жұмыстары жүріп жатса, қысты күні бітпейтін қармен күрес, кейде тәулік бойы қардан көз ашпаймыз. Десе де тұрғындар мен жолаушылардың алғысы шабыт сыйлайды, - дейді Гүлдарай Мұхамадиева.
Гүлдарай Мұхамадиева үшін қыс мезгілі қалың жұмыс пен қиындықты қатар алып келеді. Әсіресе 2015 жылдың боранды қысы. Дауылды күнге қарамай жолға шыққан қанша жанды құтқарған сәті жолшы әйелдің жадында мәңгі сақталары анық.
- Әдетте біз қар құрсауында қалған 10 шықты адамды құтқарамыз. Кейде тіпті бұл көрсеткіш 100-ге дейін жетеді. Бірақ 2015 жылдың 25 желтоқсанынан 2016 жылдың 16 қаңтарына дейін 60 шақырым қашықтықта күніне екі рет қарда қалған көліктерді құтқардық. Бұл шамамен 400-500 шақты көлік, - деп еске алды ол.
Бірнеше рет төтенше жағдайдағы тосын оқиғаларға төтеп берген. Техниканы жаяу қуып жетіп, ақ түтекте жүргізушілерге жол көрсетті. Гүлдарай Закарьянқызы өз жұмысында жауапкершілікті басты қасиет деп санайды.
Болмысы көпке үлгі
Әйел жаратылысы үшін отбасы қашанда жұмыстан биік тұрады. Гүлдарай Мұхамадиева үшін де дәл солай. Мамандықтың күрделілігіне қарамастан әрқашан отбасына уақыт табады. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерін тәрбиелеп отыр. Отбасымен өткізген уақытта шабыт пен күш жинап, қайта жұмысқа кіріседі.
Гүлдарай Закарьянқызының еңбегіеленіп,көптеген наградалармен, соның ішінде "Ерен еңбегі үшін" медалімен және "Қазақстанның құрметті жолшысы" атағымен марапатталған. 2017 жылы есімі елдің Даңқ галереясының үлкен халықаралық энциклопедиясына енгізілді. "Кажсервис" ЖШС-нің "Үздік басшы" марапатын да алған.
- Гүлдарай сияқты өз жұмысын жақсы көретін білікті мамандар өте сирек. Ол үшін табиғаттың тосынсыйы, кез келген жол қорқыныш емес. Небір қар құрсауында қалған жанның өмірін құтқарды. Бұл жол Шығыс Қазақстан мен Абай өңірлерін, облыс орталықтары мен Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат, Көкпекті және Жарма сынды 5 ауданды байланыстыратынын ескерсек, бұл өте елеулі жұмыс. Ол тіпті зейнет жасына жетсе де өз жұмысын жалғастыруда, - дейді Көкпекті ауылының тұрғындары.
Гүлдарай Мұхамадиеваның әр жұмыс күні - батылдық, жауапкершілік және еңбекке деген сүйіспеншіліктен туған тарих. Ол әйел затының қолынан келмейтін жұмыстың жоқ екенін дәлелдеп жүрген қайсар бұрымдылардың бірі әрі бірегейі.
Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер