
ШҚО-да кәсіп бастағысы келетіндерге қандай қолдау бар?
2017 жылы өскемендік Эльмира Батырбаева кәсіп бастауды қолға алды. Осылайша, баласының ала допқа деген қызығушылығын қолдап, «BarS-Arena» спорт кешенін ашты. Жас жеткіншектерді спортқа баулу үшін ол банк арқылы несие алған. Бұл тұста кәсіпкерге «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры несиенің пайыздық мөлшерлемесін судсидиялау арқылы көмек көрсетті. Қазіргі таңда 3-15 жас аралығындағы 450-ден астам бала футболмен айналысып келеді. Міне, дәл осылай бизнес ашқысы келетіндер саны жетіп артылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақта 62 757 кәсіпкер бар
Былтырғы статистикаға сүйенсек, өңірде шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің саны 62 757-ге жетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда (62 616) 0,2%-ға артық.
ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы Жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Мухамадиеваның ақпаратынша, ШОБ құрылымының 70,9% үлесін жеке кәсіпкерлер (44,4 мың) құрайды.
- Шағын және орта бизнестегі заңды тұлғаларының саны – 14,9% (9,4 мың), шаруа және фермер қожалықтарының саны – 14,2% (8,9 мың). Салалық құрылымға келетін болсақ, былтыр көтерме және бөлшек сауда саласында қызмет ететін субъектілер саны 21,6 мыңға жетті. Ал ауыл шаруашылығы – 9,8 мың, басқа қызмет түрлерін көрсету – 7,6 мың, тасымалдау және қоймалау – 4,1 мың, құрылыс – 4 мыңға жуық, өнеркәсіп – 3,5 мың, өңдеу өнеркәсібі – 3,2 мың кәсіпті құрайды, - деді бөлім басшысы.
Жеке кәсібін ашқысы келетін кез келген азамат «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ШҚО филиалына бара алады. Палата өз ісін бастауға ниет танытқан жандарға алдымен ақпараттық кеңес береді. Сондай-ақ мұнда арнайы оқып, мемлекеттік қолдау шараларына ие болуға мүмкіндік бар. Бизнесті жүргізу, заңнама талаптары мен инновациялар туралы мәлімет толық беріледі. Оған қоса кәсіпкерлерді құқықтық қорғау, бизнес және инвестициялық жобаларды қолдау, өңірдегі кәсіпорындарда сұранысқа ие мамандарды кәсіби даярлауға жәрдемдесу, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жәрдемдесу және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік мәселелерін шешу бойынша көмек алуға болады. Кез келген сұрақ бойынша байланыс орталығына 1432 нөмірі арқылы хабарласу мүмкіндігі бар. Қосымша ақпараттар әлеуметтік желідегі парақшаларда көрсетілген (Facebook: www.facebook.com/groups/OskemenBiz/; Instagram: @palatavkо; Telegram: t.me/palatavko).
Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры шағын және орта бизнеске субсидия мен кепілдік беріп, жеңілдікпен қаржыландырып келеді. Өз кезегінде субсидия несие пайызын азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша кәсіпкерлер үнемделген қаражатты бизнесін одан әрі дамытуға жұмсай алады. Несие аларда банк талап еткен кепілмүлік аз болған жағдайда қордың кепілдігі көмектеседі.
«Даму» қоры ШҚО бойынша филиалының директоры Медет Ерболұлының сөзінше, облыста осы бір мүмкіндікті пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар аз емес.
- Былтыр аталған қор тарапынан облыстағы 639 шағын және орта кәсіпкерлік жобаларына жалпы сомасы 26,7 миллиард теңгені құрайтын қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, субсидиялау бойынша 18,3 миллиард теңгеге 395 жоба, кепілдік беру бойынша 8,4 миллиард теңгеге 244 жоба, жеңілдетілген несиелеу бойынша 1,4 миллиард теңгеге 39 жоба жүзеге асырылды. Өңірде 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 9,8 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Олар бюджетке 367 миллиард теңге салық төледі, - деді ол.
Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар арасында кәсіп бастағысы келетіндер ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.
- Былтыр 318 миллион теңге көлемінде 216 грант берілген еді. Биыл да 400 АЕК (1 572 800 теңге) мөлшерінде бизнес-идеяларды іске асыруға грант беру жалғасады. Бұл халықтың әлеуметтік осал санатына жататын кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Алдымен грант алуға үміткер азамат бизнесті жүргізу негіздері бойынша білім алады. Ол business.enbek.kz электрондық порталда қолжетімді. Кейін Электрондық еңбек биржасындағы жеке кабинет арқылы өтінім береді, - дейді басқарма басшысының әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Досхан Қайырғазинов.
Қандай бағдарламалар бар?
Жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің ақпаратынша, табысын арттырып, кәсібін дөңгелеткісі келетіндерге бірнеше мемлекеттік бағдарлама қарастырылған.
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы арқылы:
1) Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін гранттар беру (400 АЕК дейін);
2) Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру;
3) Жастарға 5 миллион теңгеге дейін жылдық 2,5%-бен жеңілдікті шағын несие беру.
ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы:
1) Инвестициялық субсидиялар;
2) Агроөнеркәсіптік кешендегі сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау;
3) «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында елді мекендердегі кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру;
4) СҚО тәжірибесін кеңейту бағдарламасы шеңберінде агроөнеркәсіптік кешендегі ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру.
ШҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы арқылы:
1) Кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасы:
2) «Ақ-Ниет» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген шағын несие (туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар 7% мөлшерлемемен қаржыландырылады);
3) Туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары.
Айта кетейік, былтыр кәсіпкерлерге субсидия, несие кепілдендіру және грант түрінде 9,5 миллиард теңге бөлінді. «Ақ-Ниет» бағдарламасы аясында 2,4 миллиард теңгеге 218 жоба қаржыландырылды. ШҚО Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы арқылы екі мемлекеттік бағдарлама бойынша барлығы 1169 кәсіпкерлік жобаға қаржылай көмек көрсетілді. «Ауыл аманатының» арқасында 1 миллиард теңгеге 72 жоба несиеленіп, 116 жұмыс орны ашылды. Кәсіп бастауды көздеп жүргендер үшін «Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі нұсқаулық» әзірленді.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер