A+ A A-

talgatzhan 31 3-02-2025, 11:20 0

«Гудбайдан» айқайға: Мектептерде ағылшын тілі пәнінің білім сапасына тағылатын сын неге көп?

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе / Басты

Жадыда қысқа ғана-ақ сақталатын ұзын-сонар сөздік, ағылшын тілін үйренемін деп сурет салып қайтатын оқушылар, шәкірттері атын жаттап болғанша декреттік демалысқа кететін ұстаздар – бұл айталғандардың бәрі бүгінде ауыл халқының ағылшын тілі пәніне түсірген шағымдары. Жалпақ тілмен айтсақ, мектептердегі шет тілінің жай-күйі «гудбайдан» айқайға ұласып барады. Берері мол ағылшын тілінің болашағы ата-аналарды неге алаңдатып қойды? Ауылдарда неліктен ағылшын тілі ақсап тұр? Бұл мақаладан осы сұрақтардың жауабын таба аласыздар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Үшінші тілге үміт көп

Қазақстандағы тілдердің үштұғырлығы туралы алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясында айтылған болатын. Кейін 2007-2008 жылдардан бері «Тілдердің ұштұғырлығы» жобасы қолға алынып, кезең-кезеңімен жоба жүзеге асып жатты. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі ретінде қабылданды. Өткен ғасырдың ортан белінен оқытылып жүрген ағылшын тіліне енді ерекше назар аударылып, пән мұғалімдерінің беделі де, оларға қойылар талап та, мектептердегі ағылшын тілі пәнінің сағаты да артты. Сан жылдар өтсе де тіл пәнінің сапасына қатысты жыр жалғасып келеді. Әсіресе ауыл халқы мектептердегі ағылшын тілі пәніне аса көңілдері тоя қоймайтынын жасырмады.

- Мектептерде орыс тілінен қарағанда ағылшын тіліне басымдық беріліп жатқаны рас. Менің ойымша, бұл солай болуы да керек. Ағылшын тілі – болашағы мол жаһандық тіл. Баласының келешегін ойлайтын әр ата-ана мектептегі әрбір пәннің сапасына аса көңіл бөледі. Бірінші сыныптан 11-сыныпқа дейін ағылшынша білім алған оқушылар екі сөздің басын құрап, ойын еркін жеткізе алмайтындығы қынжылтады. Баладан сұрасаң сөздік жаттап жүрміз дейді. Алайда сөздік жадыда қысқа мерзімде ғана сақталып, бүгін оқығанын ертең сұрасаң ұмытып жатады. Кейде тіпті пән мұғалімі ойын баласына сабақта тек сурет салдыртып қоятыны белгілі болды. Шыны керек, ағылшын пәнінен беретін мұғалімдер жыл сайын ауысып, декреттік демалысқа кетіп жатады. Өзге тілді меңгерудің машақаты балаға қалай ауыр болса, жыл сайын жаңа мұғалімнің мінезін меңгеру бала үшін де, ата-ана үшін де ауыр, - деді газет редакциясына шағым түсірген Нұргүл Оралбайқызы (тұрғындардың мен ұстаздардың аты-жөні өзгертілген) есімді оқырман.

Сондай-ақ ата-аналар мұғалімнің біліктілігіне күмәнмен қарайтындығын да алға тартты. «Себеп сол – тілдік орта қалыптаспаған, ұстаздар санаулы сөздің айналасында сабақ беріп жүр» дейді.

Сапада сын бар ма?

Шығыс Қазақстанда ағылшын тілі пәнінен беретін мұғалімдердің жалы саны - 887. Облыстық Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, соның ішінде 812 ұстаздың жоғары білімді растайтын дипломы бар. Білім сапасы қанағаттандырарлық жағдайда екен.

- 2024-2025 оқу жылының 1-жартыжылдығының қорытындысы бойынша ағылшын тілі пәнінен оқушылардың білім сапасы 74,2%-ды құрады, - делінген басқарма берген ақпаратта.

Пән сапасы да, мұғалімдердің біліктілігі де ойдағыдай. Онда неліктен оқушылардың ата-аналары ағылшын пәні мұғалімдерін сынға алды? Осы сұрақты тереңірек зерттеу үшін ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының пікірін тыңдап көрдік.
- Өкінішке қарай, департамент жекелеген пәндердің сапасын қадағаламайды. Біздің басты қызметіміз - облыстағы мектептердің білім сапасын анықтау. Ол үшін жыл сайын өңірдегі бірнеше мектепті мемлекеттік аттестациялаудан өткіземіз. Аттестациядан өтетін мектептерде 4-ші және 9-сынып оқушылары кешенді тестілеу тапсырады. Бастауыш сынып оқушылары негізгі екі пәннен: оқыту тілі (қазақ мектептері үшін – қазақ тілі, орыс тілінде оқытатын мектептерде – орыс тілі) және математика пәндерінен сынақтан өтеді. Ал енді тоғызыншы сыныптар үшін үш пән: жоғарыда айтылған екі пәнмен қоса тағы бір таңдау пәні қосылады. Таңдау пәнді кешенді тестілеу барысында Testcenter орталығы арнайы бағдарлама шеңберінде автоматты түрде өзі таңдап береді. Биыл облыс бойынша барлығы 177 білім беру мекемесі аттестациядан өтті. Бірақ оның ішінде ағылшын тілі таңдау пәні ретінде түскен мектептер тіркелмеді. Сондықтан ағылшын пәнінің аттестация қорытындысы бойынша білім сапасы анықталмады, - деді департамент басшысының міндетін атқарушы Жұмағазы Жарылғапбергенов. Сын тағылса себеп бар

Мәселенің мән-жайын тарқату үшін ауылдағы ағылшын тілі пәнінің мұғалімінің пікірін алуды жөн көрдік. Ауыл мектебінде 7 жылдан бері ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп жүрген мұғалімнің айтуынша, басты мәселе – кадр тапшылығы мен әдістемелік дайындықтың әлсіздігі.
- Шынымен де ата-аналардың айтқанындай сөйлеуші ортаның болмауынан көп жағдайда балалар ағылшын тілін жетік меңгере алмайды. Яғни мектепте немесе үйде, көшеде ағылшын тілінен тілдік ортаның жоқ болуынан жаттанды дүниелер ұмыт болып жатады. Десе де бұл жағдайда мұғалімнің міндеттемелерін де ұмытпаған жөн. Біз оқушыларға белгілі бағдарлама арқылы сабақ береміз. Сыныпта жиырма бала болса соның бір бөлігі бағдарламаны тез меңгеріп алса, кейбір балалардың білім деңгейі екі-үш жылда артта қалуы мүмкін. Бұның басты себебі - баламен жекелей жұмыс жасалмауы, қосымша білімнің жоқтығы. Мұғалім сыныпта қанша бала болса соның барлығына бірдей бағдарламаға сай білім береді. Соны ұмытпаған жөн. Сондай-ақ ауылға тәжірибелі мамандар көп келе бермейді. Университетті енді тәмамдаған жас мамандар бір-екі жыл істеп, қалаға немесе басқа салаларға ауысып кетеді. Көбінің айтатыны сол - ауылда жағдай жасалмаған, ағылшын тілінде еркін сөйлесетін орта жоқ. Кейде бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін ағылшын пәнін тек бір мұғалім сабақ беріп жатады. Мұғалім үшін бұл үлкен жүктеме, бұған қосылатын есептер, қағаздар мен қосымша жұмыстарды да ойлай беріңіз. Бұндай мұғалімдер көп жағдайда біліктілікті арттыру курстарынан да қалып жатады. Оның үстіне, көп мектептерде заманауи әдістемелік құралдар жетіспейді. Біз өзіміз де ағылшын тілін үйрене жүріп, оқушыларға үйретуге тырысамыз, – дейді ұстаз Әсем Әнуарбек.

«Ата-ана үшін сынақ»

Кейбір ата-аналардың пікіріне сүйенсек, оқушылар ағылшын тілін мектепте емес, қосымша репетитор арқылы ғана меңгеріп жүр. Қалтасынан ақша шығарып, қосымша білімге қаржы жұмсауға барлық ата-ананың жағдайы жете бермейтіні ақиқат.
– Қызым 6-сыныпта оқиды. Күн сайын ағылшын тілінен тапсырма алады, бірақ өзі орындауға қиналады. Өйткені сабақта түсінбегенін үйде ешкім түсіндіріп бере алмайды. Менің өзім де ағылшын тілін білмеймін. Шыны керек, ағылшын тілін үйрету - ата-ана үшін сынақ. Репетитор жалдау ауылда оңай емес, оның үстіне қымбат, ондай мамандар жоқтың қасы. Онлайн репетитор жалдау үшін интернет байланысы да жақсы болуы керек. Сондықтан балаларымыз тек баға үшін оқып жүр, – дейді ауыл тұрғыны Маржан.
Ата-аналардың айтуынша, мектеп бағдарламасы жаттауға құрылған. Балалар грамматика ережелерін есте сақтағанымен, оны сөйлеуде қолдана алмайды. Сөздік қоры тест тапсырмаларына бейімделген, ал ауызекі тілде сөйлеу қабілеті дамымай қалады.

- Әуелі, орталықтарда ағылшын тілін тереңдетіп оқығысы келетін оқушыларға бір 45 минут қана берілмейді. Жалпы сабақ 60 минутты құраса, ағылшын тілі қатарынан үзілісті қоспағанда 2-3 сағат оқытылады. «Неліктен репетиторлықтың әсерінен бала тілді тез меңгереді?» деген сұраққа әр баламен жеке жұмыс істеу деп айтар едім. Мектепте мұндай мүмкіншілік жоқ, алдыңда отырған қанша балаға жекеше түсіндірсең, санаулы 45 минут зу етіп өте шығады. Сондай ақ орталықтарға ұстаздардарға берілетін міндеттемелер де аз. Ұзын-сонар есеп пен саны көп қағаздардың жоқтығынан репетиторлар өз жұмысына ынтамен, ыстық ықыласпен қарайды. Мектеп бағдарламасынан тыс, тілді терең меңгеруге арналған авторлық кітаптарымыз бен әдістемеміз де бар. Бұның да пайдасын айта кеткен жөн, - деді Арай Бурабаева есімді орталық репетиторы.

Оқулық пен әдістемеде қайшылық көп

Мектептердегі ағылшын тілі пәнінің тағы бір мәселесі – оқулықтардың қиындығы мен әдістемелік сәйкессіздік. Мұғалімдер жаңа бағдарламалар жиі өзгеретінін және оқулықтардың ауыл оқушыларының деңгейіне сай еместігін айтады.
– 5-сынып оқушыларына арналған кейбір оқулықтарда тіпті жоғары сынып оқушыларына ауыр тиетін тақырыптар кездеседі. Баланың жадында 5 оқу жылында сақталған сөздіктен тыс, күрделі сөздерден құралған мәтіндер көп. Ал кейбір тапсырмалар баланың шынайы өмірімен байланыспаған. Сол себепті олар үшін ағылшын тілі қызықты емес, тек өтілуі тиіс пән ғана болып қалады, – дейді мұғалім Әсем Әнуарбек.
Тіл мамандарының пікірінше, бұл мәселені шешу үшін ең алдымен ауыл мұғалімдерінің біліктілігін арттыру қажет. Оларға тұрақты түрде тәжірибе алмасу мүмкіндігі жасалса, заманауи оқыту әдістерін меңгеруге жағдай туса, ағылшын тілі пәнінің сапасы біртіндеп жақсарады. Сонымен қатар мектептерде ағылшын тілінде сөйлейтін ортаны қалыптастыру маңызды. Ағылшын клубтары, интерактивті сабақтар, онлайн ресурстарды пайдалану – осының бәрі оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттыра алады. Ағылшын тілін ауыл балалары да жетік меңгеруі үшін жүйелі әрі жан-жақты қолдау қажет. Мәселе не ауылда, не балада тіпті мұғалімде емес болуы да бек мүмкін. Болашағы мол үшінші тілдің жағдайы оңтайланбаса жыл сайын ақсаңдап тұрған білім сапасы да бәз күйінде қала бермек.

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив