Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында мәлім болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың айтуынша, өңірде “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында салынған жеті білім ошағы бар. Оның ішінде 2100 орындық бес мектепте (Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Белоусовка) құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Орындалған жұмыстардың актілері E-Qurylys ақпараттық жүйесінде бекітілу үстінде.
- Бес мектеп төртінші тоқсанда пайдалануға берілмек. Сонымен қатар облыста тағы екі білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Өскемендегі Есенберлин даңғылында 600 орындық мектеп (57%-ға дайын), Опытное поле ауылында 300 орындық мектеп (71%-ға дайын). Жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес орындалуда. Ал Опытное поле ауылындағы білім ордасының құрылысын аяқтау 30 маусымға дейін, Есенберлин даңғылындағы мектеп 31 шілдеге дейін жоспарланған. Барлығы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосылған, - деді Руфат Акрамов.
Анықталғандай, төрт мектепке (Глубокое ауданындағы Белоусовка кенті мен Опытное поле ауылы, Өскемен қаласындағы Уалиев көшесі мен Есенберлин даңғылы) кіреберіс жолдарды салу қаржы тапшылығынан тоқтап тұр.
Осы ретте облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.
- Өскемен қаласы мен Глубокое ауданы әкімдеріне кіреберіс жолдың құрылысына қажетті қаржыны бөлу үшін өтінімді уақтылы беріп, мәселені 1 маусымға дейін шешу жүктелсін. Шемонаиха ауданындағы мектеп 25 ақпанға дейін, Өскемен, Риддер қалалары мен Белоусовка ауданындағы білім ошақтары 20 наурызға дейін пайдалануға берілсін. Сондай-ақ табиғи апаттың алдын алу, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Жүзеге асырылып жатқан әр жобаны бақылап, қолдау көрсетіңіздер, - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер