«AMANAT» партиясының көшпелі қоғамдық қабылдауы аясында партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова, ШҚО мәслихатының депутаты Фёдор Цыбенко, Глубокое аудандық мәслихатының депутаттары Алтай Қалиғожин, Анна Кузнецова және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері Тарханка, Винное, Топиха ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, олардың жеке мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері – біздің партияның бақылауында болады. Әрбір сұрақ бойынша тиісті мемлекеттік органдарға сұраныстар жолдап, олардың шешімін табуына ықпал етеміз. «AMANAT» партиясы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастырады, – деді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова.
Қабылдауға келген ауылдықтар уақыт белдеуінің ауысуы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және байланыс пен интернеттің нашарлығы сынды мәселелерді көтерді.
- Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда кез келген мәселе телефон немесе интернет арқылы шешіледі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты кей күндері балаларымыз сабақтарын онлайн оқуға мәжбүр болады. Осындай кездерде интернеттің нашарлығынан балаларымыз оқуға қатыса алмайды. Осы мәселелердің шешілуіне көмектессеңіздер, – деді ауыл тұрғыны Ирина Сахарова.
Көшпелі қабылдау қорытындысы бойынша жауапты органдарға тиісті ұсыныстар жолданып, кейбір мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді. «AMANAT» партиясы халықтың талап-тілегін назардан тыс қалдырмай, олардың шешімін табуға барынша атсалыспақ.
Пікірлер