ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ҰОС ардагері Павел Еремеевич Стрехоны 99 жасқа толуымен құттықтады. Ардагер әскери өмірдің тыныс-тіршілігінен қол үзбей, жастарға жол сілтеп, тәлімді тәрбие беруден талған емес. Қазір соғыс ардагері Глубокое ауданы, Веселовка ауылында тұрады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Павел Стрехо 1943 жылы небәрі 17 жасында әскерге шақырылған. 1944 жылы 3 ші Белорусс фронтына жіберілді, 1945 жылы Кенигсбергті азат етуге қатысты. Ардагер 3-дәрежелі “Даңқ”, 1-ші дәрежелі “Отан соғысы” ордендерімен, "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Кенигсбергті алғаны үшін", "Жапонияны жеңгені үшін", "Жуков”медалімен марапатталған.
- Бізге Қорғаныс департаменті, 27943 әскери бөлімі әрдайым көңіл бөледі. Мереке сайын құттықтап, жеке құраммен кездесулерге шақырады. Осы тыныштықтың, тәуелсіздігіміздің қадірін біліңдер, Отанды сүйіңдер, ата-баба аманатына адал болыңдар! Ел бірлігін сақтап, білім алып, еңбек етіңдер. Біздің арманымыз – Қазақстанның гүлденуі, жастардың жарқын болашағы! - деді ҰОС ардагері Павел Стрехо.
Қорғаныс істері департаментінің өкілдері Павел Стрехоға ҚР Қорғаныс Министрінің құттықтау хатын табыстап, ардагердің ерлігі мен елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, жастар үшін оның өмір жолы үлгі әрі өнеге екенін жеткізді.
- Біз үшін ардагерлерімізге құрмет көрсету – қасиетті міндет. Павел Еремеевич – нағыз батыр. Оның ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сондықтан ардагерлерімізді ұмытпай, оларға құрмет көрсету – біздің борышымыз. Тарихты ұмытпау керек. Осындай бейбіт күнге жету үшін қаншама адам жанын пида етті. Ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмауы тиіс, сондықтан жас ұрпақ патриоттық рухта тәрбиеленуі қажет, - деді Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі Департаменті бастығының орынбасары (тәрбие идеологиялық жұмыстар мәселесіне жетекшілік ететін) басқарма бастығы майор Жасулан Сатбалдиев.
Ардагер өз кезегінде көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, майдан жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.
Кездесу соңында ардагердің құрметіне әскери оркестр патриоттық, соғыс жылдарындағы әндерді орындап берді.
Пікірлер