Өскеменде «Таза бейсенбі» акциясы аясында «Нұрлы жол» саябағы қардан тазартылып, қоқыс шығарылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы бастама жалғасын тауып келеді. «AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде «Таза бейсенбі» акциясын қолға алған. Шара Президенттің «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық бастамасы аясында өткізіліп жатыр.
Соның жалғасы ретінде бүгін партияның облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Нұрлы жол» саябағы қар мен қоқыстан тазаланды. Оған партия қызметкерлері, депутаттар мен белсенді жастар қатысты. Онколог дәрігер Бекзат Мукадиеваның сөзінше, бүгінгі тазалық жұмыстарына онкологиялық орталықтан 20 қызметкер келген.
- Өткізіліп отырған шара облысымыздың өркендеуіне үлкен септігін тигізеді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық орындарды тазалап отыру - кез келген адамның міндеті. Акция біздің жұмыс орнымыздың маңында алғаш рет өтіп жатыр. Алдағы уақытта да жалғасын табады деген ойдамыз, - деді ол.
Айта кетейік, бұл шараның өткізіліп жатқанына бір жылдан астам уақыт болды. Қолға алынған күннен бастап республика көлемінде біршама жемісті жұмыс істелді.
- Саябақты тазалап болғаннан кейін белсенді қызметкерлер мен жастар егде жастағы қария үйінің қарын шығаруға барамыз. Қыста қар мен мұзды тазаласақ, жазда өзен жағалары мен халық көп баратын жерлерді жинастырамыз. Мұндай тазалық акциясы қоршаған ортаның таза болуына, тұрғындардың жақсы жағдайда дем алуына зор септігін тигізеді, - деді “Amanat” партиясы ШҚОФ төрағасының орынбасары Аманбол Нүркенов.
Пікірлер