A+ A A-

talgatzhan 35 6-03-2025, 13:30 0

Рамазан - рухани тазару айы: ШҚО бас имамымен сұхбат

Бүгін / ШҚО / Пайдалы

Мұсылман қауымы асыға күткен Рамазан айына да қадам бастық. Бұл айда ораза ұстап, игі амал жасайтын жандардың саны артады. Қасиетті айда Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Думан Нәдірұлымен арнайы сұхбат құрдық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

- Көпшілік оразаны ашығумен ғана өткізіп жатады. Әуелі әңгімені қаиетті айдың хикметтерінен бастасақ. Оразада ішіп-жеуден бөлек неден тыйылу керек?

- Қасиетті Құранда “Оразаны сендерге парыз еттім” дейді, тағы бір аятта “Мүмкін тақуалырақ боларсыңдар” деп толықтырады. Яғни, тақуа адам - жаратушының бұйрығын орындайтын, тыйыл дегеннен тыйылатын адам. Ораза тек қана ашығу емес. Бұл жайында хадистер өте көп. Қасиетті айда мұсылман бүкіл болмысымен ораза ұстайды. Мысалы көзімізбен жаман нәрсені көруден, аузымызбен жаман сөздерді айтудан, аяғымызбен жаман жерлерге барудан, тіпті жаман ойлардан сақтануымыз керек. Бұндай амалдарды орындаған адамның оразасы кемел болады.

- Ораза қалай тұтылады, оны не бұзады?

- Оразаға қадам басқан адам дайындықпен қасиетті айға кіргені абзалырақ. Соның ішінде “Оразаны не бұзады, не бұзбайды?” деген сұрақтарға жауап іздегені жақсы. Себебі қоғамда ауыз бекіту мәсесіне келгенде адамдар жиі шатасады. Көп қойылатын сұрақтардың бірі - “Сілекейді жұтсақ ораза бұзыла ма?”. Жоқ мұндай жазғайда бұзылмайды, сілекей - табиғи жаратылыс. Тек ауызды толтырып, шөлді басу мақсатында жұтатын болсаңыз онда бұл оразаны бұзады. Ал енді ауыз шаю мәселесіне келсек, оразада ауыз шаюға болады. Тіс тазалар кезде “мисуак” дейтін арнайы құралмен тазалаған абзал. Себебі тіс пасталарының дәмі бар болғандықтан, ораза айында оны қолданбаған жақсырақ болады. Тіс жуу сияқты, тісті шұқу да оразаны бұзбайтын амалдарға жатады. Оразаны бұзатын я бұзбайтын амалдар өте көп. Бұл жайында ҚМДБ ұсынған кітапшалардан жауап таба аласыздар.

 

- Ораза ұстап жүріп, темекі шегетіндерге қатысты қандай пікір білдіресіз?

- Темекі болсын я ол басқа бір күн күнәлі іс болсын - барлығы оразаның руханиятын жоятын іс. Әрине, темекі шегіп ауыз бекітсеңіз ораза бұзылатыны белгілі. Жалпы темекі алғаш шыққан кезде Ислам ғалымдары нақты зиянына көз жеткізбегендіктен оны ұнамсыз іс ретінде ғана пәтуа берген. Жылдар өтті, ғылым мен медицина дамыды. Қазіргі уақытта шынымен темекінің адам баласына зиян екендігі дәлелдегеннен кейін ғалымдар бірауыздан оның арам екендігін айтқан.

- Дінде “Ораза әрбір балиғат жасына жеткен мұсылмандар үшін парыз” деген түсінік бар. Десе де балаларға ата-аналары ораза ұстауға рұқсат бермей жатады. Осындай жағдайда не істеу керек?

- Балиғат жасы діни кітаптарда “13-15 жас аралығы” деп айтылып жатады. Бірақ әр қыз және әр ер баланың өзіндік ерекшеліктері бар. Балиғат жасы бұл жастан не ерте не кеш келуі де мүмкін. Аталған жас келгеннен кейін мұсылман үшін ораза - парыз, міндетті іс. Бірақ оның сыртында да ауыз бекітуге болмайтын адамдар бар. Бұлар - сырқаты барлар, жолаушылар, балалар. Осы тұста әрбір ата-ана баласының болашағына алаңдайтынын естен шығармаған жөн. Ешкім өз перзентіне жамандық ойламайды. Егер баласының ораза ұстауына қарсы болса, ол ата-ананың баласын алаңдауы. Бала ақыл тоқтатқан жасқа жетсе әке-шешесіне оразаның жақсылығын түсіндіргені абзал. Ал бала балиғат жасына жетпесе, тым жас болса, ата-ананың тыйым салатын жөні бар.

 

- Пітір садақадан түскен қаржы қайда жұмсалады? Садақаны мешітке емес, мұқтаж жанның өзіне апарып беруге бола ма?

- Пітір садақасы жайлы “Тәубе” сүресінде жазылады. Аятта пақырларға, міскіндерге, қарызға батқандарға, жолда қалып кеткендерге, арнайы зекет, жинайтын орындарға пітір садақасын беру туралы айтылған. Қоғамда халықтың қалыптасып кеткен дәстүрі бойынша көпшілік садақаларын мешітке әкеледі. Кейбір адамдар өздері аталған санатқа жататын жандарға садақа беруді құп көреді. Пітір садақасын қалай беру - әр адамның өз еркінде. Ал енді пітір садақасын беру кімге парыз? Бұл әр мұсылманға міндеттелмеген амал. Пітір садақасын жағдайы жақсы, ауқатты адамдардың беруі міндет болып саналады. Яғни бұл санатқа 85 грамм алтыны бар, ақшамен шаққанда бір жылда шамамен қалтасында 2 млн-нан астам теңге жиналған адам жатады. Ондай қаражаты жоқ адамға пітір садақасын беру міндет болып саналмайды. Мешітте жиналған пітір садақасы әуелі қайырымдылық істерге жұмсалады. Мысалы былтыр облыстық мешіт жиналған ақшадан мұқтаж екі жанға баспана сыйлады. Мешітте қаншама қайырымдылық шаралары жүзеге асады. Мешіттерге арнайы қаражат бөлінбейді. Кез-келген мешіт халықтың қолдауымен өз жұмысын атқарып жатыр. Оның ішінде мешіттің жылуы, жамағаттың тазалығына жұмсалатын судың ақысы, жұмысшылардың жалақысы сынды мешіттің өз қажеттіліктері бар. Жалпы жыл он екі ай жиналған садақа өз орнымен жұмсалады. Оның өз есебі һәм есепшісі бар, садақа жәшіктері арнайы комиссия мүшелерімен ашылады. Садақаны кімге, қайда беру - әр адамның таңдау еркіндегі амал.

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив