Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов облыстың дамуына елеулі еңбек сіңірген, өз саласында жоғары жетістікке жеткен бір топ әйелге Алғыс хат пен сыйлықтар табыстады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақ басшысы жиналған барша әйелдер қауымын көктем мерекесімен шын жүректен құттықтап, әлемге сүйіспеншілікпен қарайтын, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүретін нәзік жандыларға өзінің жылы лебізін жеткізді. Салтанатты шарада облыстың қала, аудандарында түрлі салада қызмет еткен бұрымдылар бас қосты.
- Әйел затының орны қашанда биік. Бесікті тербеткен, елді жебеген, ердің серігі болған аналарымыз халқымыздың ұйытқысы, шаңырағымыздың шамшырағы. Бүгінде нәзік жандылар құқығын қорғауға, отбасы құндылықтарын нығайтуға баса мән беріледі. Әйел, ана отбасындағы берекені сақтап қана коймай, барлық киындықты ер азаматтармен қатар еңсеріп келе жатқан коғамның белсенді мүшесі. Сондықтан да алдағы уақытта маңызды тапсырмаларды сіздермен бірігіп орындаймыз, - деді Нұрымбет Сақтағанов
Айта кетейік, шарада жас күнінен трактор жүргізіп, көпке үлгі болған, бүгінде сексенді алқымдаған Қазия Мусина әжеміз сөз алып, әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, өзінің ақ батасын берді.
Соңында аймақ басшысы Қазия әжеге ақ жаулық тағып, иығына заманауи шапан жапты.
Пікірлер