A+ A A-

talgatzhan 50 14-03-2025, 14:00 0

Өскеменде «Көрісу күніне» орай 500 адамдық киіз үй тігілді

Бүгін / ШҚО

Облыс орталығындағы республика алаңында Көрісу күні-Амал мерекесіне орай үлкен киіз үй тігілді, деп хабарлайды Buqara.kz  сайтының тілшісі.

Бүгін 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Аталған мерекеден өскемендіктер де қапы қалмай, бір-бірімен жүздесіп жатыр. Қаланың орталық алаңында ұйымдастырылған шарада үлкен ақ шаңқан киіз үй тігіліп, келушілерге концерттік бағдарлама паш етілді. Думанды мерекені ШҚО Драма және оперетта театрының өнерпаздары тамаша көрініспен ашып беріп, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Өскемен қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмаз Болатұлының сөзінше, тігілген киіз үй 500 жүз орындық. 

- Мінекей, бүгін арнайы тігілген киіз үй ішінде кереметтей мерекелік шараны өткізіп жатырмыз. Бұл концертте қала өнерпаздары жырдан шашу шашса, театр актерлері арнайы дайындап әкелген қойылымдарын көпке ұсынды. Мұндай бағдарламалар жылда ұйымдастырылады және алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі Көрісу күнінде республиканың әр өңірінде тойланып жатыр. 

- Бұл мерекенің тәрбиелік мәні өте зор. Келешек ұрпақтың ынтымақ пен татулықта өсіп-өркендеуіне үлкен септігін тигізеді. Бүгінде ұмытылып бара жатқан дәстүрлерімізді ұлықтап, жастарымыздың бойына қазақилық пен ұлттық тәрбиені сіңіру - аға буынның басты міндеті, - деді Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Майра Қаламқызы.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив