Өскемен қалалық №2 соты туристік операторға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, «Тропикана» туристік фирмасының қожайыны қызмет бабын және осы саладағы беделін пайдаланып, 91 жәбірленушінің ақшасын алаяқтық жолмен ұрлаған.
Жалпы шығын көлемі 140 миллион теңгеден асты.
Қылмыстық схема бойынша әйел туристік сапарларды ұйымдастырғаны үшін азаматтардан қаражат алған. Бірақ кейіннен түрлі сылтау айтып, өз міндетін орындамаған.
Сот үкімімен ол аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін (ҚР ҚК-нің 190-бабы, 3-бөлігі, 1.3-тармағы) кінәлі деп танылды. Сондай-ақ 3 жылға туризм саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Бұдан бөлек, сотталушыдан материалдық шығын сомасы өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Пікірлер