A+ A A-

talgatzhan 35 27-03-2025, 09:20 0

Киелі Күршімге жолыңыз түссе: Күршім ауданындағы ТОП-5 туристік жер

Бүгін / Күршім / Пайдалы

Күршім ауданы облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан. Оның тарихы 1927 жылдан бастау алады. Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытовтың атақты «Ақбілек» романында аудан туралы мынадай жазба бар: «Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күр-күр еткен Күршім бар. Алтай, Күршім не заманнан қалың Найман мекені. Сол Алтаймен сол Күршімнің қысы қыспақ, жазы самал», деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Күршім ауданы батысында Самармен, солтүстігінде Катонқарағай және Үлкен Нарынмен, шығысында Марқакөлмен, ал оңтүстігінде Зайсан көлі арқылы Тарбағатаймен шектеседі. Аудан аумағы 23,2 шаршы шақырымға тең. Климаты континентті. Ал тамылжыған табиғаты жаңа туристік мүмкіндіктерді ашуда. Күршім ауданында көрсе көз тартар көрікті жерлер аз емес.

 

Күршім өзені

Күршім өзені – Ертістің оң саласы. Ұзындығы 213 шақырымды, су жинау алқабы 6140 шаршы шақырымды құрайды. Оның аңғары сол жақта Күршім жотасымен, ал оң жағында Күршім бассейнін Бұқтырма өзенінің бассейнінен бөлетін Сарымсақты жотасымен шектелген. Өзеннің бастауы Марқакөл көлінің жанында, Тайга орманды аймағында орналасқан. 

Суының 65%-ы еріген қар, мұз, ал 35%-ы жерасты суының үлесіне келеді. Өзеннің энергетикалық қоры да мол.

Жоғарғы ағысында 2000 метрден астам биіктікте альпілік шалғындар орналасқан. Орта ағысында солтүстік беткейлері жапырақты ормандармен, оңтүстік беткейлері шөпті шалғындармен жабылған. Жоғарғы және орта ағыс аңғары таулардың таулы аймағында жатыр.

 

Қиын-Керіш шатқалы

Қиын-Керіш — қызыл топырақты құлама жарлардан, өркештелген адырлардан, қызғылт сары, ақ, көк және басқада сан түрлі топырақты мұнаралардан тұратын ерекше шатқал. Аумағы 300 гектарды құрайды. 

Ол аудан орталығынан 120 шақырым, ал облыс орталығынан 300 шамамен шақырым қашықтықта орналасқан. Бір айта кетерлігі, Қиын-Керіш шатқалы арнайы қорғалатын табиғи аумақ ретінде облыстағы он бір киелі орынның тізіміне енген. 

Кейбірі бұл шатқалды "Жалынды жар" деп те атайды. Себебі топырағының қызғылт түсі жаздың аптап ыстығында сағымданып, жалын шашып тұрғандай көрінеді.

Бұл жердің флорасы мен фаунасы да өзгеше. Крылов сасыры және сұр атрафаксис сынды сирек кездесетін өсімдік түрлері бар. Сондай-ақ әртүрлі жапырақты терек, Зайсан мордовиясы, ащы жусан, тұзды батпақ, қарағай, ирис, қызғалдақ өседі. Қиын-Керіш - жануарлардың сирек кездесетін түрлері мекендейтін Зайсан ойпатындағы жалғыз орын. Олардың қатарында сары лемминг, үкі, балобан-ителгі, дала бүркіті, қарақұрсақты бұлдыр, дуадақ, құр бар.

 

Күршім өзеніндегі экотуризм

Аудан әкімдігінің мәліметінше, өзен бойында экотуризмді дамыту қолға алынбақ. Маралды ауылынан бастап резеңке қайықтармен жүзу және балық аулау сияқты арнайы қызмет түрлері ұсынылады. Бұл экстремалды спорт әуесқойлары арасында танымал. Сондықтан туристерді тарту үшін Күршім өзені бойынша екі күндік маршруттың сызбасы әзірленді. 10 адамға қызмет көлемі 500 мың теңгені құрайды. Жылына кем дегенде 200 адамға қызмет көрсетілетін болады.

Сондай-ақ Маралды ауылынан 25 шақырым жерде орналасқан «Qara-köl» бірегей өзен көлінде демалуға болады. Бүгінгі күні «Deеn» ЖШС Абай ауылдық округінің аумағында 200 адамға арналған демалыс базасын салу жоспарланып отыр.

 

Атпен серуендеу

Ат туризмі – әлемде дамыған саяхаттың түрі. Ол адам денсаулығына да пайдалы. Аудан әкімдігінің ресми ақпаратына сүйенсек, Маралды ауылдық округінің Сартау учаскесінде орналасқан «АБС Сартау» ЖШС-де 150 бас марал бар. Бұл бағытта ат туризмі жолға қойылмақ. Күршімнің көркем таулы ландшафты атпен серуендеуге қолайлы. Маршруттың соңында туристерге пантотерапия және марал мүйіздері ұсынылады. Маралды ауылдық округі әкімдігінің ұсынысы бойынша аталған қызметті жергілікті кәсіпкер қолға алған. Мұнда киіз үй тігіліп, билер байланып, қымыз саудасы жүзеге асырылуда.

 

Су жолы

Күршім ауданында Шакелмес және Қиын-Керішке апаратын су жолының бағыты әзірленуде. Бұл бағыт ыстық ауа-райында туристердің қозғалысын жеңілдетеді. Бұдан бөлек, Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасын өз көзімен көруге мүмкіндік береді. Сирек кездесетін құстарды кезіктіріп, балық аулау орындарына тоқтауға болады. Осылайша, демалушылар екі сағат бойы көлікпен жүрудің орнына қайықпен саяхаттай алады. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелінің жанында, Құйған ауылында 15-20 адамға арналған қайықтар жалға беріледі. Сондай-ақ болашақта су көлігін сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив