ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы ішкі істер органдарына хабарламаған 16 адам анықталып, екеуі елден шығарылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- 2021 жылы өңір тұрғыны көрші елдің азаматтығын алғанымен, Қазақстанның көші-қон қызметіне белгіленген мерзімде хабарламаған. Оның айтуынша, құжаттарды тапсыру қажеттігін білмей, отбасылық жағдайларына байланысты Қазақстанға уақтылы оралмаған. Сот оны елден шығару туралы шешім шығарды, - делінген ресми ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың наурыз айынан бастап елде азаматтығынан айырылған тұлғалардың ҚР құжаттарын пайдалануына қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп, жауапкершілік күшейтілді. Енді аталған құқықбұзушылық үшін айыппұл мөлшері 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін артты.
ШҚО Полиция департаменті басқа елдің азаматтығын алғандар 30 күн ішінде көші-қон қызметіне жеткізіп, бұрынғы азаматтығын растайтын құжаттарды тапсыруға міндетті екенін ескертеді. Бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Пікірлер