A+ A A-

talgatzhan 30 3-04-2025, 10:00 0

Самарда қайда барып демалуға болады?

Бүгін / Самар / Пайдалы

Самар ауданы шырайлы Шығыстың оңтүстік-батысында орналасқан. Тұмса табиғатымен көздің жауын алатын бұл жер батысында Ұлан, солтүстігінде Алтай, Катонқарағай, шығысында Күршім аудандарымен шектессе, оңтүстігінде көршілес жатқан Абай облысының Көкпекті ауданымен түйіседі. Аудан тарихы 1928 жылдан бастау алады. Бұған дейін ол Көкпекті ауданының құрамында болған еді. 2022 жылдың 7 маусымынан бастап жеке аудан ретінде қайта құрылды. 8 ауылдық округ пен 22 елді мекеннің жалпы аумағы 5,5 мың шаршы шақырымды құрайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгінде қалыпты даму жолына түскен Самар ауданының туристік әлеуеті басқа аудандармен салыстырғанда анағұрлым жоғары саналады. Мұнда туристерді орналастыратын 34 орын тіркелген. Ресми деректерге сүйенсек, 2024 қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ауданға 15 мыңға жуық демалушы келген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 61 пайызға артық.

Былтыр жергілікті билік өкілдері Құлынжон ауылымен байланыстыра отырып, Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы туристік аймақтың бас жоспары әзірленетінін мәлім еткен еді. Осылайша, Самар ауданы бойынша 2028 жылға дейін туризм бойынша 413,9 миллион теңгеге 11 жобаны іске асыру жоспарланған.

 

Қайыңды ауылы

Бұл жер — көркем табиғатымен ерекшеленетін тыныш әрі жайлы демалыс орны. Ол аудан орталығынан солтүстікке қарай 18 шақырым жерде орын тепкен. Мұнда атпен серуендеуге, ал қыста шаңғы тебуге болады. 2020 жылы Қайыңды өзеніне жаңадан көпір салынған еді. Оның ұзындығы 11 метр, ені 4,60 метр. Бұдан бөлек, көпірдің жанына жаяу жүргіншілерге арналған қосалқы жол салынды. Оның ұзындығы 11 метр болса, ені 1,23 см. Ауылдың тарихы орман шаруашылығымен тығыз байланысты. Мұнда қарағай көптеп өседі. Кәдімгі қарағайдан бөлек самырсын, балқарағай, қайың, үйеңкі, жөке, шетен сияқты ағаштар да жиі кездеседі. Жалпы ауданы 65 мың гектарды құрайтын орман шаруашылығында екі орманшылық, көшет өсіретін екі тәлімбақ бар. Тәлімбақтағы көшеттерді Ұлан, Күршім, Зайсан аудандарындағы орман шаруашылықтары алады.

Қаракөл ауылы

Тау бөктерінің әсем көрінісімен танымал елді мекен Палатцы ауылдық округіне қарайды. Бұрынғы атауы — Новообухово. Қаракөл Самар ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 80 шақырым жерде орналасқан. Айналасы толған аң-құс. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда аю, қасқыр, елік, кейде тіпті сілеусін көзге түсіп жатады.

 

Сарыбел сарқырамасы

Бұл жерде демалушылар тұмса табиғатты тамашалап, сарқыраманың «ақ шуын» тыңдай алады. Ауылдың шетін­дегі бұлақтың суы көктем шыққанда молайып, сар­қырама болып ағады. Жаздың ортасына қарай азайып кеткенде сарқырама да тоқтап қалады. Бірақ суы жердің астына қарай құлдилап ағады. Жан-жағындағы тастар да ерекше көрініс береді. Сондықтан осында табан тіреген кез келген турист таңданысын жасырмайды.

 

Самар жағалауы (Бұқтырма су қоймасы)

Тағы бір айта кетерлігі, Самар ауданы — Шығыс Қазақстандағы басты жағажай туризмі аймақтарының бірі. Жаз шықса қала жұрты тегіс осы жерге келіп демалады. Өскеменнен Самар жағалауына дейінгі қашықтық шамамен 180 шақырымды құрайды.

Сондай-ақ Бұқтырма су қоймасының жағалауында үш бірдей ауыл бар — Сарыбел, Миролюбовка және Новостройка. Аталған елді мекендер әр туристік маусым сайын 70 мыңнан астам адамды қабылдауға қауқарлы. Туристердің негізгі бөлігі маусым айында келетін көрінеді. Олардың саны 55 мыңнан асады. Жалпы жағалауда 54 демалыс базасы бар. Барлығы 1030 үйде 2260 жатын орын қарастырылған. Ал бір күндік тұру ақысы 20-35 мың теңге аралығында. 

Жағалаудың суы жылы әрі мөлдір. Демалыс аймақтарының көбінде ойын алаңдары, катамарандар мен белсенді демалысқа арналған түрлі құрал-жабдықтар бар.

Бұдан бөлек, бұл аймақ балықшылар үшін де қолайлы. Өйткені су қоймасында балықтың ондаған түрі кездеседі.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Фотосурет ашық дереккөзден

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив