Риддердегі мәдениет саласының өкілдері Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай барысын талқылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шара Риддер тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылды. Еске сала кетейік, 14-ші наурызда бірнеше тақырып бойынша өткен жұмыс секцияларының отырыстары күні бойы жалғасқан-тұғын. Сонда Мемлекет басшысы мәдениет саласына жекелей тоқталды. Театрлардың көбеюі, халықтың рухани жағынан сусындауға ықыласты болуы – осы бағытта әрі қарай да жұмыстың жалғасуына негіз болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтай өтетін жер ретінде Бурабайды таңдауы тегіннен емес. Мұның бірнеше себебі бар. Ерекше қорғалатын табиғи аймақ, қалың орман-тоғайы да кезінде талай қазақ батырларына сая болған. Музейдегі тарих бойынша маман да қазақ жерін біріктіруші Абылай хан үшін Ақмола өңірінің маңызы зор болғанын айтты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар Президенттің «мәдениет» деген сөзді кең ауқымда қарастыру туралы ойын одан әрі жалғады. Шынымен де, осы сөздің астары тек театрлар мен түрлі ғимараттар емес, халықтың рухани азық алуымен сабақтасып жатқанын жеткізді. Тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнар Саттарқызы өз сөзінде әр адам әуелі ұлттық санасын жаңғыртып барып болашаққа көз тіккені жөн екендігін жеткізді.
Қатысушылар мемлекеттік тілдің жалпыға ортақ байланыс құралына айналып, түрлі құжаттар мен сот істерін жүргізу кезінде кең ауқымда қолданылуы туралы ойын толыққанды қолдады. Мәселен, музей қызметкері Эльмира Маратқызы өз баяндамасында осыны айта келіп, қазақы болмыстың қоғамдық орындарда қанат жайып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, кей мекемелерде ұлттық киім киіп жүру қалыпты тірлікке айналған. Одан бөлек, музей қызметкерлері арасында «Таза Қазақстан» акциясын қолдау бойынша да нақты жоспар бекітілді.
Президент соңғы жылдары көпшілік арасында театр мәдениеті біршама қалыптасып үлгергенін мәлімдеген. Айталық, бір спектакль тұсаукесері болса, билеттер санаулы күндерде сатылып кетеді. Бірақ мәселе де жоқ емес. Музей қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөзін мысалға алды.
– Қазақстанда 46 өңірлік театр бар. Бірақ бәрі бірдей жаңа дей алмаймыз. Біршамасын жөндеу қажет. Семейдегі бір театрда үш труппа жұмыс істейді. Өнер адамдарын олай тарықтыру жарамас, – деген болатын Президент.
Мәдениет сарайындағы көрме залының меңгерушісі Ольга Харская Риддердегі түрлі өнер ұжымдарының жемісті еңбек етіп жатқанын мысал етті. 1955 жылы салынған еңселі нысан бүгінде түрлі этностардың басын қосып, мейрам сайын атаулы күндерді дүркіретіп атап өтеді.
Пікірлер