Облыс әкімдігінде өткен кеңес барысында Шығыс Қазақстанда туризмді одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Бүгінгі таңда бұл - негізгі бағыттардың бірі. Статистика бойынша жыл сайын аймаққа келетін туристер саны артып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 428 мыңға жуық қонақ келді, бұл көрсеткішті 650 мыңға жеткізу жоспарлануда. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, ол үшін барлық болжамды жобалар мен қажетті инфрақұрылым кіретін саланы дамытудың кешенді жоспарын жасау қажет. Атап айтқанда, облыс әкімі Риддердегі тау шаңғысы кластеріне қатысты тұжырымдама әзірлеуді тапсырды.
Шығыс Қазақстанның мықты тұсы - эко-және этнотуризм. "Altai Fest 2024", "Шығыс салбұрыны 2024" іс шаралары, балық аулау және рафтинг бойынша жарыстар өңірдің брендтеріне және туристерді тартудың қуатты құралына айналуда.
- Біз өз тарапымыздан жолдарды жөндеу, санитарлық-гигиеналық тораптарды орнату, инженерлік - коммуналдық желілерді салу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Алайда аймақ үшін өзекті болып қалатын мәселе бар. Ол - заңсыз туристік бизнес. Туризм саласындағы кәсіпкерлердің едәуір бөлігі салықтық және статистикалық есептіліктен қашып, көлеңкеде жұмыс істеуді жалғастыруда. Бұл бюджет түсімдерін азайтып қана қоймай, сонымен қатар саланың дамуын стратегиялық жоспарлауды қиындатады. Өйткені туристік ағын мен қажеттіліктердің нақты көлемі ескерілмейді. Өткен жылы Мемлекеттік кірістер департаментінің қолдауымен Ұлан, Алтай және Самар аудандарының негізгі тураймақтары бойынша бірқатар тексеру жүргізілді. 100-ден астам жосықсыз кәсіпкер анықталды (әкімшілік жауапкершілікке 52 адам тартылды). Биыл жұмыс күшейтіліп, бүкіл өңірге қолданылатын болады.
Кеңес барысында өңір басшысы барлық жұмыс істеп тұрған туристік соқпақтар мен маршруттарға түгендеу жүргізуді тапсырды.
Пікірлер