Oskemen Hub базасында ауыл әкімдерін арнайы қайта даярлау курсының аясында маңызды оқиға – өңірлік басқарудағы цифрлық шешімдерге арналған шеберлік сабағы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл іс-шара қазіргі заманғы технологиялар мен интеллектуалды шешімдерге негізделген басқару тәсілдерін дамытуға бағытталды.
Шеберлік сабағының негізгі мақсаты – басқару тиімділігін арттыру үшін цифрлық сервистер мен интеллектуалды жүйелерді енгізуге қажетті практикалық құралдар мен білімдермен бөлісу. Жиын барысында қатысушылар заманауи цифрлық платформалар мен шешімдер арқылы жергілікті басқару жүйесін жетілдіру жолдарын талқылады.
Іс-шара аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ақпараттық технологиялар және цифрландыру саласындағы үздік жобалары таныстырылып, нақты мысалдар келтірілді. Бұл жобалар өңірлік деңгейде тиімді басқару мен азаматтармен өзара байланыс механизмдерін жақсартуға бағытталған.
Семинарда сөз сөйлеген спикерлер қатарында Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттер мен технология трансфері орталығының жетекшісі Руслан Қайратұлы мен Oskemen Hub жетекшісі Дидар Мұратұлы болды.
Спикерлер цифрлық технологиялардың болашағы мен оның жергілікті деңгейдегі басқару жүйесіне ықпалы жөнінде ой бөлісіп, үлкен деректермен жұмыс, аналитикалық платформалар, тұрғындармен тиімді байланыс құралдары және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру мүмкіндіктерін қарастырды.
Айта кетерлігі, семинарға 28 ауыл әкімі қатысып, ақпараттық технологиялар саласындағы білімдерін жетілдірді. Олар заманауи басқару құралдарын іс жүзінде қолдану арқылы өз өңірлерінде тиімділікті арттыруға мүмкіндік алды.
Семинар ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚО бойынша филиалы, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ, Oskemen Hub-тың қолдауымен ұйымдастырылды.
Пікірлер