A+ A A-

talgatzhan 2 18-03-2025, 19:00 0

ШҚО жастары ақын Дәулеткерей Кәпұлымен кездесті

Бүгін / ШҚО

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлымен шығармашылық кездесу өтті, деп хабарлайды  Buqara.kz сайтының тілшісі.


Кездесуге өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдері мен басқарма басшылары қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбай, ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов және ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Бурахан бар.

Университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген рухани шараның маңыздылығына атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулер жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, әдебиетке деген сүйіспеншілікті қалыптастырады.

– Ақынмен жүздесу – студенттер үшін үлкен рухани тәжірибе. Дәулеткерей Кәпұлының шығармашылығы – ұлттық рухтың, сөз өнерінің жарқын көрінісі. Әр сөзі – терең ой мен тәлімге толы. Осындай кештер – университетіміздің маңызды дәстүріне айналды, – деді ректор.

Кеш барысында ақынның өлеңдері оқылып, шығармашылығы жан-жақты таныстырылды. Студенттер еркін сұхбат құрып, көкейдегі сауалдарын қойып, домбырамен арнау жырларын орындады. Шара аясында «Шабыт» студенттік театры поэтикалық қойылым ұсынып, көрермен ықыласына бөленді.

Кездесу соңында Ернұр Бурахан облыс әкімінің атынан Алғыс хат тапсырып, ақынға шапан жапты. Сонымен қатар Дәулеткерей Кәпұлына С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Құрметті профессоры» атағы табысталды. Өз кезегінде қаламгер ризашылығын білдіріп, оқу орнының кітапхана қорына 30-ға жуық туындысын тарту етті.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив