A+ A A-

talgatzhan 38 23-04-2025, 18:00 0

ШҚО-да 12 аса қауіпті ауруға қарсы ветеринарлық іс-шаралар жоспарлануда

Бүгін / ШҚО

Облыста мал арасында 12 аса қауіпті аурудың алдын алу мақсатында ветеринариялық шаралар белсенді түрде қолға алынды. Жалпы көлемі 4,7 миллион дозаны құрайтын вакцинация жұмыстары жоспарланған. Бұл жайлы ШҚО Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Басқарма мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірге 2,2 миллион доза биопрепарат жеткізілген. Ал бұл жоспардың 46%-ын құрайды. Қазіргі уақытта 539 мыңнан астам алдын алу шарасы орындалған. Оның ішінде ірі қара малға сібір жарасы, аусыл және өзге де жұқпалы ауруларға екпе егілді. Сонымен қатар иттер арасында құтырма, ал жыртқыш жануарлар арасында эхинококкоз ауруының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 
- Ветеринариялық қызметтің нығаюы – азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Жануарлардың денсаулығы ет, сүт және басқа да өнімдердің сапасына тікелей әсер етеді, - деді Ертай Сейтқажыұлы.
Бүгінде облыста 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 99 ветеринариялық пунктті біріктіреді. Аталған пункттерде 495 маман еңбек етеді. Тек биылғы жылдың алғашқы тоқсанында олар 60 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Барлық құжат айналымы электронды форматта - «ЕАСУ», «ИСЖ» ақпараттық жүйелері мен «VET-MOBILE» мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.      
— Мал арасында ауру анықталған жағдайда ең алдымен оның жұқпалы не жұқпалы еместігі тексеріледі. Арнайы патологиялық-анатомиялық сараптама жүргізіліп, ауру жұқпалы болса, бірден карантин енгізіледі. Бұл кезде малды сыртқа шығаруға, союға тыйым салынады. Ал бруцеллезге шалдыққан мал иесіне 15 күннің ішінде ауру малды сою міндеттеледі. Сонымен қатар мемлекет аса қауіпті аурулармен ауырған мал шығынының 30 пайызына дейін өтемақы төлейді, — деді Ертай Батхолдин.
Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні жылдық жоспардың 20,8%-ы орындалып, 100 мыңнан астам жануар есепке алынған. Бұл мал санын нақты бақылап, барлық ветеринариялық шаралардың жүйелі орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив