
Біршама өсім бар: ШҚО-да мереке күндеріне төленетін кейбір төлемдердің мөлшері артты
Шығыс Қазақстанда жыл сайын азаматтардың жекелеген санаттары (Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, ауған соғысының ардагерлері, көпбалалы аналар және т.б.) мереке күндеріне бірреттік әлеуметтік көмек алады. Жуырда облыс әкімінің қаулысымен қосымша ақшалай төлемдерді енгізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы облыс әкімінің «Мерекелік күндерге әлеуметтік көмектің бірыңғай мөлшерінің кейбір мәселелері туралы» өкімімен төлемдер ұлғайтылғанын хабарлады. Енді бұл өзгерістің жыл сайын біржолғы көмек алатын азаматтардың тиісті санаттарына қалай әсер ететіндігін нақтылай кетейік:
15 ақпан (Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні) – ауған соғысының ардагерлеріне 150 000 теңгеден (бұрын 100 000 теңге болатын) беріледі.
26 сәуір (Радиациялық апаттар зардаптарын жоюға қатысушылар және осы апат құрбандарын еске алу күні) – Чернобыль АЭС апатының зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға – 150 000 теңгеден. Сонымен қатар басқа да радиациялық апаттардың салдарынан мүгедек болған адамдарға 70 000 теңгеден (төлемақы құны өзгеріссіз қалды) төленеді.
7 мамыр (Отан қорғаушылар күні) – Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына қатысқан, ТМД-ға мүше мемлекеттердің шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес тәжік-ауған аумағында тапсырмаларды орындаған, Таулы Карабақтағы қақтығысты реттеуге атсалысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне 100 000 теңгеден (өзгеріссіз) беріледі.
9 мамыр (Жеңіс күні) – Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 5 миллион теңгеден (бұрын 1,5 миллион теңге) төленеді. Тыл еңбеккерлеріне, соғыс жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған жеке тұлғалар, блокададан аман шыққандар, концлагерь тұтқындары, ҰОС-да қаза болғандардың жесірлері 130 000 теңгеден (бұрын 100 000 теңге) төленеді. Марапатталмаған тыл еңбеккерлері (1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамырына дейін кемінде алты ай жұмыс істеген) 80 000 теңгеден (бұрын – 50 000 теңге) алады.
31 мамыр (Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні) – сот немесе заңмен белгіленген өзге де тәртіппен саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылған азаматтарға – 13 000 теңгеден (өзгеріссіз).
30 тамыз ( Конституция күні) – 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға – 15 000 теңгеден (өзгеріссіз).
16 желтоқсан (Тәуелсіздік күні) – Қазақстандағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан және «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының белгіленген заңымен ақталған адамдарға 200 000 теңгеден (өзгеріссіз) беріледі.
Осы ретте, жұртшылықты толғандырған бірнеше сауалға ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасынан жауап алдық.
- ҰОС және ауған соғысының ардагерлеріне, Чернобыль апатына ұшырағандарға төленетін төлемақы өсімі енді тұрақты түрде бекітілді ме, әлде Жеңістің 80 жылдығына орай бірреттік өсім бе?
- Жаңа төлем сомасы енді жыл сайын осылай болады. Бұл өзгеріс тек Өскеменге емес, Шығыс Қазақстанның бүкіл қала, ауданына қатысты. Себебі қаражат облыстық бюджеттен бөлініп отыр.
- Қосымша ақшалай төлемдерді алу үшін адамдар бір жерге өтініш беруі керек пе, әлде төлемдер автоматты түрде есептеле ме?
- Мерекелер мен атаулы күндерде берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін азаматтарға өтініш беру міндетті емес. Төлемді алушылардың тізімі мемлекеттік корпорацияға, өзге де ұйымдарға сұрау салу негізінде не уәкілетті органның ақпараттық жүйелерінен электронды нысанда қалыптастырылады. Сондықтан төлемдерді алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ.
- Төлемдер әр адамның банк картасына түсе ме?
- 7 мамыр мен 9 мамырға орай берілетін әлеуметтік төлемдер екінші деңгейлі банктер арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан ай сайынғы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төленетін шоттарға түседі.
- Мамыр мерекелері әлі алда, бірақ 15 ақпан өтіп кетті. Ауған соғысының ардагерлері осы жылы қосымша төлемдерді ала ала ма?
- Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылған күніне орай жыл сайынғы әлеуметтік төлем ақпан айында 100 000 теңге көлемінде жүргізілді. Қосымша 50 000 теңге тағы төленеді. Бірақ ол қаражат облыстық мәслихат сессиясында бөлініп, әлеуметтік көмек көрсету ережесіне өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана беріледі.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер