A+ A A-

talgatzhan 38 24-04-2025, 12:00 0

Өскеменде тыл ардагері мен ұлағатты ұстазға құрмет көрсетілді

Бүгін / ШҚО

Облыс орталығында тыл ардагері және ұлағатты ұстаз Надежда Сергеевнаға арналған құрмет көрсету шарасы өтті. Шараны Шығыс Қазақстан облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті ұйымдастырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ел көлемінде түрлі әскери-патриоттық шаралар өткізіліп жатқаны белгілі. Осыған орай Өскемен қаласында да бірқатар іс-шара қолға алынған. Солардың жалғасы ретінде мерекелік кездесу қала іргесіндегі Красин кентінде өтті. Надежда Сергеевна – Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен жандардың бірі. Соғыстан кейінгі жылдары ол білім саласына бет бұрып, Өскемендегі мектептердің бірінде қырық жылға жуық ұстаздық қызмет атқарған.

Шара барысында мектеп ұжымы, әскери сала қызметкерлері, ардагерлер кеңесінің өкілдері және оқушылар ардагерді мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті. Сондай-ақ Надежда Сергеевнаның кезінде дәріс берген шәкірттері де арнайы келіп, ұстаздарына ризашылықтарын білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады.

— Мен осы мектепте өмірімнің қырық жылын өткіздім. Бұл – менің жастық шағымның куәсі. Келе жатқан Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесі бәріміз үшін өте маңызды. Қанды соғыс ешкімді аяған жоқ. Біз үшін ата-бабаларымыз от кешті. Сол себепті олардың ерлігін ұмытпай, жас ұрпаққа жеткізу – баршамыздың парызымыз, — деді Надежда Сергеевна.

Кеш соңында облыстық әскери комиссариат өкілдері ардагердің отбасы мен жақындарына ерекше сыйлық әзірлеп, мектеп ауласында көшет отырғызу шарасын өткізді. Бұл – ардагер еңбегіне көрсетілген ризашылықтың белгісі әрі болашақ ұрпаққа қалдырылған өнегелі іс ретінде бағаланды.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мұндай игі бастамалар Өскемен қаласында алдағы уақытта да жалғасын табады деп жоспарланып отыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив