Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен отырыста белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның айтуынша, өңірде 1-10 сыныпта оқитын 93 631 оқушы бар. Соның 93 564-ін (99,9%) жазғы демалыспен және сауықтырумен қамту жоспарланып отыр.
- Биыл қала мен аудандардың бюджетінен 634,5 млн теңге бөлінді. Материалдық техникалық базаны жөндеу жұмыстарына және нығайтуға 119,2 млн теңге, балаларға, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққандарға жолдама сатып алуға 364,1 млн теңге көзделуде. Биыл 9 506 көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушы жазғы демалысын лагерьде өткізеді, - деді басқарма басшысы.
Белгілі болғандай, биыл облыста 485 лагерь жұмыс істейді. Қала сыртындағы 12 лагерь 10 087 баланы қабылдаса, 270 мектеп жанындағы лагерь 23 120 оқушыға лайықталмақ. Ал 204 бейіндік алаңда 60 357 бала демалады. Лагерьлерде 1230 тәрбиеші мен тәлімгер, 1224 қосымша білім беру педагогтері және 250 медицина қызметкері жұмыс істемек.
Ал 7-8 сынып оқушыларына арналған әскери-спорттық лагерь Самар ауданындағы «Балауса» лагерінің базасында жұмысын жалғастырады. Оған 100 адам жіберіледі.
Бұдан бөлек, оқушылар Алматыдағы «Бөбек», Щучинск, Қонаев қалаларындағы «Балдәурен» ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында демалады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер