25 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет басқармасы және ШҚ Лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген мемлекеттік қызметкерлер арасында “Тіл шебері - 2025” облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Сайыстың басты мақсаты - үш тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді қолдау, насихаттау және мәртебесін көтеру. Жарысқа Алтай, Ұлан, Зайсан, Тарбағатай, Самар аудандарынан келген әртүрлі қызметтегі мамандар жиналды.
- Бұл конкурсқа бірінші рет қатысып тұрмын. Сондықтан аздап толқып тұрғаным бар. Алайда үш тілді жақсы білгендіктен әр кезең оңай өтіп жатыр. Жалпы осындай сайыстардың берері көп. Әсіресе тіл үйренемін деген мамандарға зор талпыныс береді, - дейді Ұлан ауданы Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің маманы Мадияр Жәнібеков.
Сайысқа қатысушылар 3 кезең бойынша білімдерін ортаға салды. Бірінші кезеңде экранда көрсетілген ұяшықтың біреуін таңдап, мәтіннің ішінде 5 көнерген сөзді тауып, мағынасын қазақ тілінде айтса, ал екінші кезеңде берілген ұяшықтың бірін таңдап, қазақ жері және оның аймақтары, ұлттық құндылықтары жөніндегі сұрақтарға орыс тілінде жауап берді. Үшінші кезеңде экраннан ұлы тұлғалар, ұлттық аспаптар, ұлттық ойындар деген бөліктерге бөлінген ұяшықтарды таңдай отырып, берілген сұрақтарға ағылшын тілінде толық әрі нақты жауаптарын айтты.
- Жарысқа қатысушылар 3 кезең бойынша бағаланды. Бірінші кезең - «Сөзтаным». Екінші кезең - «Елтаным». Үшінші кезең - «Ойтаным». Әрбір бөлім бойынша ең жоғары ұпай саны - 5 балл. Басты мақсат - мәдениет пен тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, оның қажеттілігін түсіндіру, - дейді әділқазылар алқасының мүшесі Айман Сапанова.
Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде - Ұлан ауданының сәулет, қала құрылыс және құрылыс бөлімінің бас маманы Мадияр Жәнібеков, 1-орын - Самар ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жігер Нұрлыбекұлы, 2-орын - Алтай ауданы Прибрежный кенті әкімдігінің бас маманы Ерболсын Оралбаев, 3 орын - Зайсан ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің іс қағаздарын жүргізушісі Ақмарал Оралбекова және Тарғабатай ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің бас маманы Айғаным Қорғау . Барлық жеңімпаз дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер