23 сәуірде Алматы қаласында Орталық Азиядағы ең ірі туристік көрмелердің бірі — Kazakhstan International Tourism Fair (KITF) өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл шара 23–25 сәуір аралығында «Атакент» көрме кешенінде өтуде. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл көрме әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристік индустрия өкілдерін біріктіріп, туристік бағыттарды ілгерілетуге, іскерлік байланыстар орнатуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бірегей алаң ұсынады.
Көрмеге Шығыс Қазақстан облысы ауқымды стендпен қатысуда. Мұнда аймақтың туроператорлары қонақтарды табиғи көрікті жерлермен, мәдени және гастрономиялық мұрамен, сондай-ақ орналастыру мүмкіндіктерімен таныстыруда. Экологиялық, этнографиялық, оқиғалық және белсенді туризм сынды заманауи саяхатшыға танымал бағыттарға ерекше көңіл бөлінуде.
Шығыс Қазақстан облысының делегация құрамына туристік бизнестің жетекші өкілдері енді:
Altay-Pro.kz, Katonkaragai Tour, Viator Way, Drivejeepkz, Sunrise Travel, «Баян» пантоемдеу шипажайы, «Заречье» эко-отелі, Best Western Plus Oskemen қонақ үйі, сондай-ақ бірқатар қонақ үйлердің иелері.
KITF–2025 көрмесіне қатысу арқылы өңірдің туристік индустриясы әлеуетті серіктестермен тікелей байланыс орнатуға, ынтымақтастық географиясын кеңейтуге және халықаралық деңгейде өңірдің танымалдығын арттыруға зор мүмкіндік алуда. ВКО стендінде түрлі елдердің туристік саласының өкілдерімен B2B кездесулер белсенді өтіп жатыр, бұл жаңа ынтымақтастық форматтарын орнатуға және тәжірибе алмасуға жол ашуда.
Көрменің алғашқы күніндегі маңызды оқиға — Шығыс Қазақстан облысының Туристік ақпараттық орталығы мен Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Туристік ақпараттық орталығы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжат шекара маңындағы туризмді дамытуға, бірлескен іс-шаралар өткізуге және туристік өнімдерді өзара ілгерілетуге бағытталған.
«Аталған келісімге қол қойылуы — шекаралас өңірлердегі туризмді тұрақты дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз ресейлік әріптестермен күш біріктіру арқылы отандық және шетелдік туристерді қызықтыратын бірегей туристік бағыттар жасай аламыз деп сенеміз», — деп атап өтті ШҚО Туристік ақпараттық орталығының басшысы Исенева Татьяна Дугалиевна.
Шығыс Қазақстанның KITF–2025 көрмесіне қатысуы өңірдің ел ішіндегі туристік карталардағы орнын нығайтып қана қоймай, оны халықаралық туристік қоғамдастыққа біріктіруге де ықпал етеді.
Пікірлер