A+ A A-

talgatzhan 7 28-04-2025, 11:50 0

ШҚО студенттері республикалық пән олимпиадаларында үздік нәтиже көрсетті

Бүгін / ШҚО

Бұл туралы ақпаратпен AMANZHOLOV UNIVERSITY ректоры Мұхтар Төлеген бөлісіп, жүлдегер жастармен жолыққанын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мұхтар Әділбекұлының сөзінше, білім бәйгесіне барған барлығы оқу орнының мақтаныштары.
– Ел көлемінде бірнеше университет базасында ұйымдастырылған XVII Республикалық пәндік олимпиадаға аттанар алдында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттерін арнайы жинап, ақ батамды беріп, үлкен жолға, бағы мен бабы сыналар зияткерлік додаға шығарып салған едім. Міне, тақымын қысып, тілеулерін тілеген жастарымыз ұжымның үмітін ақтап, жүлделі орындармен оралды, – деді Мұхтар Әділбекұлы.
Атап айтқанда, Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазҰПУ базасында жоғары оқу орындарының студенттері арасында 6В01505 «Биология» білім беру бағдарламасы бойынша өткен XVII республикалық олимпиадада университеттің студенттері 19 жоғары оқу орнының арасынан суырылып алға шығып, І орын иеленді. Шымкент қаласында ұйымдастырылған XVII республикалық студенттік пәндік олимпиадада «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасының студенттері жүлделі ІІ орынға ие болды. 
– Сондай-ақ, күні кеше Қарағанды қаласында өткен XVI республикалық пәндік олимпиадада 6В01601 «Тарих» білім беру бағдарламасының студенттері де ІІ орынға ие болды. Айта кету керек, бұған дейін Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде өткен «Пәндік мамандандырусыз мұғалімдерді даярлау» бағыты бойынша біздің «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогикасы» білім беру бағдарламасының студенттері де жүлделі І орынды жеңіп алған еді, – деді ЖОО басшысы.
Сайып келгенде, бұл жетістіктер студенттердің білімге деген ұмтылысы мен оқытушылардың кәсіби еңбегінің нәтижесі.
Фото Мұхтар Төлегеннің Facebook парақшасынан

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив