Бүгін Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы және ШҚ Лингвистикалық орталығының бастамасымен «Ұлы Жеңістің жаңа парақтары» тақырыбында конференция ұйымдастырылды. Оған ҚРҰҚК Шекара қызметі ШҚО бойынша департаментінің шекарашылары мен сарбаздары қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараның мақсаты – Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алу және жас сарбаздардың ұлтқа деген махаббатын ояту.
- Бүгін біз Ұлы Жеңіске 80 жыл толуына орай тығыз серіктестікте жұмыс істеп келе жатқан шекара қызметкерлерімен, әскери сарбаздармен конференция өткіздік. Сарбаздар патриоттық әндерді шырқап, тарихтан білетіндерімен бөлісті. Осылайша, шекараны қорғаушылардың сенімділігіне өз үлесімізді қостық деп ойлаймын, - дейді ШҚ Лингвистикалық орталығының директоры Әсемгүл Абзалова.
Сондай-ақ белгілі партизан Қасым Қайсенов, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы туралы танымдық сұрақтар қойылды.
- Әскери қызметшілер іс-шараларға, тәрбие сағаттарына, кештерге қатысуда. Жақында ғана «Жеңіс» эстафетасын қабылдадық. Осындай конференциялардың маңызы ерекше. «Ер есімі – ел есінде» демекші, ата-бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек, - деді ҚРҰҚК Шекара қызметі ШҚО бойынша департаментінің тәрбиелік және идеологиялық басқармасының консультанты, майор Ғалымжан Жеңісұлы.
Аталған шара батырлардың ерлігін еске алып, олардың қажырлы еңбегін тағы бір рет танытуға мүмкіндік берді.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосурет: ШҚ Лингвистикалық орталығы
Пікірлер