A+ A A-

talgatzhan 5 30-04-2025, 12:10 0

Өскеменде өңірлік "Шығыс агрофорумы" өтті

Бүгін / ШҚО

30 сәуірде Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері мен даму болашағын талқылауға арналған өңірлік "Шығыс Агрофорумы" өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараның басты мақсаты – агроөнеркәсіп заманауи технологияларын көрсету, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, өңірдің аграрлық секторын дамыту және шаруаларды қолдау. Форумға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, аграрлық сектордың жетекші кәсіпорындары мен фермерлер қатысты.

- Былтыр Серебрянск қаласында жаңбырлатып суару машинасын шығаратын зауыт аштық. Бұл кәсіпорынның ерекшелігі – суды үнемдеу, сол арқылы өнімді ұлғайту. Өсімдікке зақым келтірмей, тамшы әдісімен суару қазіргі таңда өте маңызды. Осы орайда жаңбырлатып суару машинасының пайдасы тиеді десек болады. 2024 жылы дәл осындай 4 құрылғыны Ұлан ауданына орналастырдық. Нәтижесінде 4-5 есе мол өнім алу мүмкіндігі байқалды. Салыстырып айтар болсақ, шетелдік техникалардан кем емес, металы өте жоғары сапада, сервистік қызметі жылдам. Алдағы уақытта құрылғыны Күршім, Тарбағатай аудандарына қою жоспарда бар, - деді «Ertis Bereke Oskemen» АҚ директорының орынбасары Рүстем Кенжерахманұлы.

Форумда ауыл шаруашылығы техникасының заманауи үлгілері, түрлі тұқым түрлері мен тың технологиялар көрсетілді. Облыс аудандары өнімін таныстыруға келген кәсіпкерлер де болды.

- Катонқарағай ауданынан келіп отырмыз. Біздің тауар «Nomad Sultan» деп аталады. 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап сиыр, жылқы етінен қазы, шұжық, қарын бүрме өнімдерін шығарып отырмыз. Бүгінгі шараға өз кәсібімді, шығарып жатқан тағам түрлерін таныстыруға келдім, - дейді кәсіпкер Ләйлә Балтабаева.

Форумға қатысушылар агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін білдірді.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив