Өңірде сәуір айының соңынан бастап үш маңызды мерейтойға арналған ауқымды мерекелік бағдарлама басталады: Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы. Өңірде 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мерекелік шаралар Өскемен, Алтай, Риддер, Зайсан, Шемонаиха және басқа да елді мекендерді қамтиды. Бағдарлама аясында концерт, фестивальдер, квест ойындары, ардагерлермен және әскери қызметшілермен кездесулер, балалар мен жастарға арналған патриоттық акциялар өткізу көзделген.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде Өскемендегі Республика алаңында облыс әкімі қатысатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтеді. Сол күні қала тұрғындары үшін «Студенттік көктем» фестивалі, Ертіс өзенімен серуен, «Дос-Мұқасан» фильмінің көрсетілімі, көрмелер, шеберлік сабақтары және субұрқақтардың ашылуы жоспарланған.
3 мамыр Оралхан Бөкей атындағы кітапханада интеллектуалдық және спорттық квест ойыны, мерекелік көше концерттері және Ұлы Отан соғысы батырларына арналған іс-шаралар өтеді. «Көктем жеңісі!» атты жылжымалы концерт Әлия Молдағұлова, Ватутин есімдері берілген көшелерде, ГЭС, Гостиный двор, Самал паркі мен Арбат аумағында ұйымдастырылады.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінде Өскеменде Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді. Аудандарда әскери қызметшілермен кездесулер, спорттық жарыстар мен концерт ұйымдастырылады. Ұлан ауданында Батырлар аллеясы мен партизан Қасым Қайсенов бейнеленген муралдың салтанатты ашылуы өтеді. Іс-шараға оның ұлы – Болат Қасымов қатысады.
8 мамыр күні Өскемен әуежайында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Астанада өтетін әскери парадқа қатысатын Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрметін білдіреді.
9 мамыр – Жеңіс күнінде Өскемендегі Даңқ мемориалында гүл шоқтарын қою, күндізгі және кешкі концерт, «Шырақ жақ» атты еске алу акциясы өтеді. Облыс бойынша «Жеңіс лентасы», «Ұлы Жеңіс ұмытылмайды» сияқты патриоттық іс-шаралар, ардагерлермен кездесулер, кино көрсетілімдері, көше концерті мен викториналар ұйымдастырылады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған квест ойындары, сурет байқаулары, веложарыстар және патриоттық ойындар өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекенің басты мақсаты – бірлік рухын нығайту, тарихи жадымызды сақтау және өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін ояту.
Пікірлер