24-30 сәуір аралығында Иорданияның Амман қаласында 15 және 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионаты өтті. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында еліміздің және облысымыздың намысын бес спортшы қорғады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алтай қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Шыңғыс Ахметов пен Темірәли Темірбаев алтын медальмен оралды. Екеуі де Серік Сембиевтің жетекшілігімен жаттығады.
13 жастағы Шыңғыс Ахметов (U-15 санаты, 49 келіге дейін) финалда Иран спортшысын айқын басымдықпен 5:0 есебімен жеңіп, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады.
Оның командадағы аға әріптесі — 16 жастағы Темірәли Темірбаев (U-17 санаты, 52 келіге дейін) Иордания өкіліне қарсы кездесуде де дәл осындай басымдық көрсетіп, жекпе-жекті 5:0 есебімен аяқтады.
Спортшыларды жеңісімен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады.
— Шығыс Қазақстанның екі спортшысы бокстан Азия чемпионатында жеңімпаз атанды деп қуана хабарлаймын. Бұл чемпионатқа Азияның түрлі елдерінен 247 боксшы қатысты. Жас спортшыларымызды бұл керемет жетістікпен құттықтаймын! – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, қос жас спортшы да спорт шеберлігіне кандидаттар. Олардың жетістігі — кездейсоқтық емес, қарапайым аудандық спорт мектебінен бастау алатын табанды және жүйелі еңбектің нәтижесі. Бүгін бұл есімдерді бүкіл Қазақстан таныды, ал ертең, бәлкім, олар әлем чемпионаттарында отандық бокстың беткеұстары болар.
Облыс орталығынан барған қалған үш спортшы — Алдияр Баяндинов, Мирас Қуанышев және Ринат Ерболұлы — рингте лайықты өнер көрсетті. Олар ширек финал сатысында жарысты аяқтағанымен, әрқайсысы жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті. Үшеуі де Қажымұқан атындағы мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері. Олардың дайындықтарымен тәжірибелі жаттықтырушылар — Баурбек Калек, Талант Бейсенов және Әділет Шорганов айналысты.
Азия чемпионаты оннан астам елден қатысушыларды жинады. Мұндай бәсекеде жеңіске жету оңай емес. Соған қарамастан, аймақ спортшылары Қазақстан құрамасының жалпы қоржынына зор үлес қоса алды.
Пікірлер