Сессия отырысының ашылу салтанатында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қоғамдағы бейбітшілік пен келісім, татулық пен төзімділік мәселелеріне ерекше тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Бүгінгі таңда төзімділік, келісім, бейбіт өмір мен бірлік қоғамның дамуында айрықша маңызға ие. Біз – түрлі ұлт өкілдерінен құралған біртұтас елміз. Әртүрлі болсақ та, барлығымыз теңбіз. Бұл – Қазақстан қоғамының мызғымас қағидаты. Ассамблея – ел бірлігін нақты іспен бекемдейтін, уақыт сынынан сүрінбей өткен, тиімді құрылым. Сондықтан баршаңызды ұлтаралық татулық пен өзара түсіністікті нығайтуға, бірлігімізді бекемдеуге шақырамын, – деді аймақ басшысы.
Сессия барысында этномәдени бірлестік мүшелері мен ардагерлер қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңызы туралы өз ойларын ортаға салды.
Шара аясында өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бірқатар азамат арнайы төсбелгілермен марапатталды.
– Бұл жиын – ел ішіндегі татулық пен бірлікті насихаттайтын маңызды алаң. Ардагерлер мен белсенділерді марапаттау – олардың еңбегіне деген құрметтің белгісі, – дейді “Шығыс Қазақстан рухани ханымдары” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мараш Матиева.
Сессия барысында сөз алған Шығыс Қазақстан облысындағы әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Элвин Демирчиев те елдегі бейбіт өмір мен рухани тұтастықтың маңызын атап өтті.
– Осы елде білім алып, тұлға болып қалыптастық. Қазақ елінің кең құшағы бізді бауырына басты. Ұлы Абайдың “Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” деген ұлағаты – бүгінгі көпұлтты Қазақстан үшін де бағыт-бағдар. Біз бүгінде түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына біріктірген берекелі елге айналдық, – деді ол.
Сондай-қа сессия барысында бірлік пен татулықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар мен бастамалар айтылып, этносаралық қатынастарды нығайту жолдары талқыланды.
Еске сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдегі этносаралық келісім мен тұрақтылықтың кепілі саналатын конституциялық мәртебеге ие қоғамдық институт.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер