
Тарбағатай ауданы шырайлы шығыстың оңтүстігінде орын тепкен. Аудан орталығы – Ақжар ауылы. Ол солтүстігінде Күршім, шығысында Зайсан, батысында Ақсуат аудандарымен, ал оңтүстігінде көршілес Қытай елімен шектесіп жатыр. Бұл ауданның тарихи атауы жайлы бірнеше нұсқа бар. Оның ішінде ең көп кездесетіні мынадай: «тарбаған» (суыр) және «тай» (тау), яғни «суырлы тау» деген сөзден шыққан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тарбағатай таулары
Бұл таудың тарихи атауы – Барқытбел. Шығыс Қазақстандағы қойнауы қазынаға толы Тарбағатай тауының бөктері қаншама тарих сырын бүгіп жатыр. Мұнда түрлі петроглифтер мен ғұн, үйсін, сақ дәуірінің ескерткіштері бар. Тарбағатай тауының орманы, сарқырап аққан өзені, жайқалған құнарлы жайылымы, жортқан аңы мен ұшқан құсы, жер қойнауындағы қазба байлығы адам баласын ежелден-ақ өзіне тартқан. Мұны алғашқы адамдардың мекенжайлары, қола дәуіріндегі кен шығару орындары, тастарға салынған өрнектер, тас суреттер мен таңба белгілері дәлелдеп отыр. Тарбағатай жоталарындағы тасқа қашалған кескінді бейнелер біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта осы жерді мекендеген көшпелі тайпалардың тіршілігі туралы жан-жақты хабардар етеді.
Тарбағатай тауы ендік бағытта батыстан шығысқа қарай 300 шақырымға дейін созылады. Ені 30-50 шақырым шамасында. Тастау деп аталатын ең биік шыңы 2991 шақырымды құрайды.
Бөрітастаған жартасы
Ауданның көрікті жерлерінің бірі – ашық түсті граниттен жасалған Бөрітастаған жартасы. Шығыстан батысқа қарай созылған бұл жердің биіктігі шамамен 19 метрді құрайды. Жартастың оңтүстік беті тік дерлік, ал солтүстік жағы кертпешті, төбесіне шығуға болатын жадағай жиегі бар. Ескерткіш кең далада жападан жалғыз тұрған жартас болуымен ерекшеленеді. Тас немесе әртүрлі металл құралдармен ойып салынған тастағы таңбалар, петроглифтер және бояумен жасаған жазба-суреттер тарихи-мәдени мұралардың ерекше түріне жатады.
Өзі төртбұрышты әрі биік жартастың аты да, заты да жұмбақ. Осы уақытқа дейін түрлі болжам айтылып келді. Оның ішінде аңыз-әңгімелер де, тарихи болжамдар да бар. Археологтардың болжамына сүйенсек, бұл тас мол су көзін басып жатқан көрінеді. Жергілікті халықтың айтуынша, Бөрітастаған тастарының арасы үнемі ылғалданып жатады екен. Оның биіктігі төрт қабатты ғимаратпен тең деседі.
Алтын оба
1960жылы белгілі ленинградтық ғалым С.Черниковтың жетекшілігімен жасалған археологиялық экспедиция барысында «Алтын оба» алтын қорғанынан жалпы салмағы 100,5 грамм болатын 524 алтын зат табылған.
Шаған оба
Аңыздарға көз жүгіртсек, қалмақ батыры Шағанның соңынан қазақтар қуып, жебе тигізген. Шаған батыр астындағы атынан құламай, біразға дейін қансырап шабады. Қалмақтар Шағанның қаны тамған жерге бір-бір тастан қашайды, ал батыр құлаған жерге қорым тас үйеді. Қазақтар қашалған тас тізілген жерді «Кергентас», ал Шаған көз жұмған жерге үйілген тасты «Шаған оба» деп атап кеткен.
Ырғызбай әулие кесенесі
Ырғызбай Досқанаұлы – 1787–1850 жылдар аралығында өмір сүрген атақты емші әрі сынықшы. Ол дертіне дауа іздегендерді дәрілік шөптермен және тамырды ұстау арқылы емдеген. Бірақ ол үшін ақы алмаған. Тарихқа үңілсек, Ырғызбай әулие Құнанбайды да ауруынан айықтырған. Ырғызбай Досқанаұлы қайтыс боларын сезіп «Топырақ маған осы жерден бұйырған. Менің сүйегімді Кіндіктіге апармаңдар, анау тұрған құба белге жерлейсіңдер» деп, қазір өзі жатқан жотаны көрсетеді. Оған қоса «Мені сандықша бейітке қоясыңдар. Басыма зират үйін тұрғызбаңдар. Зират үйін тұрғызу – келешек ұрпақтың міндеті» деп өсиет еткен екен.
Ырғызбай әулие кесенесі Ақсуат ауылынан Кіндікті ауылына баратын жолдың бойынан солтүстікке қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Кейіннен басына түнеп, тілек тілейтіндер саны артқан кезде қасына келушілерге арнап тас үй салынды. 2001 жылдан бері кесенені күтіп ұстау, зиярат етушілерді қабылдау шаралары жүргізіліп келеді. Ауруына ем іздегендер ғана емес, жолының ашылуын тілейтіндер де осында жиналатын көрінеді.
2014 жылы Ырғызбай ата кесенесі қайта жөнделді. Қазір мұнда кітапхана мен мұражай, асхана мен қонақүй іске қосылған. Сондай-ақ үлкен мешіт салынды. «Дала даналары кітапханасы» ғимаратында сирек кездесетін 3 мыңға жуық кітап сақталған. «Аманат» мұражайында Ырғызбай әулиенің ұстаған жәдігерлері ұсынылған.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер