Кеше Өскеменнің «Алтай» футбол клубы шымкенттік «Оңтүстік» командасын 4:1 есебімен жеңіп, турнирлік кестеде 3 орынға жайғасты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осылайша, алтайлықтар Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған үш клубтың қатарынан табылды.
Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Республика күніне орай өткізілген салтанатты іс-шара кезінде клуб ұжымын тарихи жетістігімен құттықтады. Мінберге көтерілген футболшыларға, жаттықтырушыларға бірінші лиганың қола медалін мойынға ілді.
— 2023 жылы өңірде спорт саласын реформалауды бастаған едік. Сөйтіп, «Алтай» футбол клубы құрылды. Былтыр біздің команда Екінші лигадан Бірінші лигаға өтсе, биыл Премьер-лигаға жолдама алып отыр. Бұл нәтиже клуб басшылығының, бапкерлік құрамның, ойыншылардың еңбегі мен ауызбіршілігінің арқасында мүмкін болды», - дедi облыс әкімі.
Өз сөзінде ол Өскеменде жабық футбол стадионының құрылысы басталатынын жеткізді. УЕФА-ның үшінші категориясына жататын стадион тек «Астана», «Қайрат» футбол клубтарын ғана емес, Еуропаның үздік командаларын да қабылдай алатын болады.
Пікірлер