Жеңіс күні қарсаңында облыста «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы жалғасуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған жобаның аясында «AMANAT» партиясының ШҚО филиалы мен облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Сомовтың бастамасымен тыл ардагерлеріне арнайы барып, құттықтау шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында соғыс және соғыстан кейінгі ауыр кезеңдердің куәгерлеріне шынайы ризашылық пен құрмет білдіріліп, оларға естелік сыйлықтар табысталды. Құттықтаулар тыл ардагері, ел игілігі үшін ұзақ жылдар еңбек еткен жан Қайникен Нүрсеитова, еңбек ардагері, жастайынан тылда қызмет атқарып, Жеңіске үлес қосқан Наталья Волкова, соғыстан кейінгі қиын кезеңде елді қалпына келтіруге күш салған тыл еңбеккері Майжамал Сакеева сынды қадірменді азаматтарға арналды.
- Біз үшін тыл еңбеккерлерін жеке барып құттықтау – үлкен мәртебе. Олардың естеліктерін тыңдап, сіңірген еңбектері үшін алғыс айту – парызымыз. Бұл – жас ұрпаққа берілетін маңызды тәлім», – деді «AMANAT» партиясы ШҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.
Кездесу барысында ардагерлер сол бір ауыр да сындарлы жылдарды еске алып, көрсетілген қамқорлық пен ілтипатқа алғыстарын жеткізді. Мұндай іс-шаралар үлкенге құрмет, кейінгіге өнеге болып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға ықпал етеді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өңір бойынша тағы да көптеген ардагерлерді қамтуды көздейді.
Пікірлер