Аталған шара Жұмысшы мамандықтар жылының аясында Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы мен өңірдегі кәсіпорындардың бастамасымен өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Чемпионат 12-16 мамыр аралығында құзыреттілік орталықтары мен жетекші колледждердің базаларында 38 құзыреттілік бойынша ұйымдастырылады. Оған 21 жасқа дейінгі 170-тан астам колледж студенті, түлектер мен жұмыс істейтін жастар қатысып, өз салаларындағы кәсіби біліктіліктерін көрсетіп қана қоймай, ел болашағына қызмет ететін жаңа буын мамандардың лайықты өкілі екенін дәлелдейді.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, «WorldSkills» — кәсіби дағдылар мен білікті мамандықтарды әлемдік деңгейде насихаттайтын, тәжірибе алмасуға, үздік стандарттармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ауқымды жоба.
- Құрметті жастар! Сіздерді ерекше серпінмен өтіп жатқан «WorldSkills Shygys 2025» чемпионатының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл шешім — техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін заман талабына сай жаңғыртуға, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін көтеруге бағытталған маңызды қадам. Аймақтық чемпионат аясында маман даярлау сапасын арттырып, жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттауға күш салынуда. Біздің басты мақсатымыз — мамандықтарға деген көзқарасты өзгертіп, кәсіптік білім берудің сапасын арттыру, - деді Ербол Жолдаспекұлы.
Чемпионатқа қатысушылардың жұмысын кәсіпорындардың жетекші мамандары, колледждердің өндірістік оқыту шеберлері мен тәлімгерлері бағалайды. Осылайша, жастар тәжірибе алмасып, оқыту технологияларымен, халықаралық деңгейдегі жаңа кәсіби стандарттармен танысуға мүмкіндік алады.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Жансерік Салаватұлының сөзінше, «WorldSkills» жобасы — әрбір жастың өз мүмкіндігін бағалап, болашақ мамандығын сеніммен қалыптастыруына ықпал ететін бірегей алаң.
- «WorldSkills 2024» жобасына қатысу - мен үшін үлкен тәжірибе. Бұл байқауда өз білімімді шыңдап, кәсіби дағдыларымды одан әрі дамытуға зор мүмкіндік алдым. Чемпионат кәсіби шыңдалуға жол ашты. Чемпионат көптеген жастың тәжірибесін байытып, болашаққа сеніммен қарауына көмектеседі, — дейді ол.
Айта кетейік, аймақтық чемпионаттың жеңімпаздары қараша айында Астанада өтетін «WorldSkills Kazakhstan 2025» республикалық чемпионатына қатысу құқығына ие болады.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер