
Ерлікке тағзым етті: Шығыс Қазақстанда Жеңіс күні қалай атап өтілді?
Облыста 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Жеңіс күніне орай бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Өңір жұрты өткенге тағзым етіп, сұрапыл соғыста жеңіс үшін жан тапсырғандарды құрметпен еске алды. Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, дәстүрлі түрде шырақ жағылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Құрмет көрсетілді
Отан қорғаушылар күнінде облыс орталығында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, ҚР Тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
- Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күні еліміздегі бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып жүрген азаматтарға, жас жауынгерлерге ерекше құрмет көрсетіп, батыр бабаларымыздың даңқты жолын көпке үлгі етеміз, - деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, Нұрымбет Сақтағанов ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты 27943 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне, Ұлттық ұлан сарбаздарына, ҚР ҰҚК ШҚО департаменті, облыс прокуратурасы, ШҚО авиациялық бөлімшесі және ШҚО ТЖД қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыстады.
277 тыл ардагерін ардақтады
Риддердегі орталық көшелердің бірінде қос мерекеге орайластырған шағын концерт өтті. Оған ШҚО Полиция департаментінің хоры келіп қатысты. Қала әкімінің орынбасары Ерболат Ошақбаев жиналған қауымды Ұлы Жеңіспен құттықтады.
– Бұл күнді ардагерлер мен тылда тер төккен қарттарсыз елестету мүмкін емес. Солардың табандылығы мен ерлігінің арқасында бүгін бейбіт ғұмыр кешіп жатырмыз. Көгімізде қыран құсы қалықтап, Тәуелсіз ел болып отырмыз. Сондықтан ауызбіршілігіміз нығайып, Қазақстанымыз көркейсін деймін, бір ту астында тұрып жатқан баршаңызға зор денсаулық тілеймін, – дейді Ерболат Құмарханұлы.
Белгілі болғандай, барлығы қаладағы 277 тыл ардагері құттықталды. Қазір Риддерде жалғыз соғыс ардагері қалған, ол – Павел Альбоха. Оған облыс және Риддер әкімдігі атынан 5 млн теңгенің сертификаты мен арнайы сыйлықтар тарту етілді.
Бұдан бөлек, Төлеген Тоқтаров көшесінде батырдың өмірі, жауынгерлік жолы мен Ұлы Жеңіс туралы баяндайтын тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары архивтік материалдармен, фотосуреттермен және тарихи құжаттармен танысып, бейбіт өмірдің қандай құрбандықпен келгенін тағы бір мәрте еске алды.
Батырлар аллеясы ашылды
7 мамырда Қасым Қайсенов кентінде Батырлар аллеясы мен партизан жазушыға арналған мурал ашылды. Салтанатты рәсім Әнұранның орындалуымен және облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың құттықтау сөзімен ашылды.
– Мемориалдық стелла Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлеріне арналған. Бұл – біздің тарихымызға деген құрметтің, батыр бабаларымызға шексіз тағзымның белгісі. Ұлан өңірі – тарихта есімдері алтын әріптермен жазылған тоғыз Кеңес Одағының батыры мен бір Халық Қаһарманының туған жері. Биыл ауданда алты ескерткіш жаңартылып, Қасым Қайсеновке арналған мурал салынды. Бұл – өткенге деген құрметіміздің айқын көрінісі және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды құралы, – деді аймақ басшысы.
Салтанатты шараға Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің ұлы Болат Қайсенов қатысты. Жергілікті өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқап, жиналғандар соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жеңіске қосқан үлесі үшін
Жоғарыда аталған іс-шаралардан бөлек, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аймақтағы ардагерлерді Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, ерекше құрмет көрсетті.
Өңір басшысы Астанадағы әскери парадқа қатысқан Ұлы Отан соғысының ардагерлері және тыл еңбеккерлерімен салтанатты кездесу өткізді. Олардың қатарында Құрмат Рахымов, Юрий Новолоцкий, Күлзағи Алиханова және Елена Ступак бар.
«Астана-Өскемен» рейсімен ұшып келген ардагер мен тыл еңбеккерлерін өңір басшысы әскери оркестрдің сүйемелдеуімен, гүл шоқтарымен қарсы алды.
– Сіздер – ерліктің, батырлық пен жанқиярлықтың куәгерісіздер. Сіздердің арқаларыңызда біз бейбіт аспан астында өмір сүріп, болашақ құрып, жас ұрпақты патриоттық және әділеттілік рухында тәрбиелеп келеміз. Ерлік пен еңбектегі жетістіктеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Өңіріміз бен еліміздің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі бастаған делегация VIP-терминалға өтіп, арнайы жайылған дастархан басында емін-еркін әңгімелесті. Парад қатысушыларына сыйлықтар табысталып, естелікке суретке түсті. Кездесу соңында әр ардагерге жеке көлік бөлініп, үйлеріне дейін жеткізілді.
Бұдан бөлек, Нұрымбет Аманұлы Ұлан ауданында тұратын тыл еңбеккері Мұрат Ожанов пен Глубокое ауданындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Стрехоны Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.
Ал облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар зайсандық 102 жастағы соғыс ардагері Зәкен Құрманқожановқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты мен «Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медалін салтанатты түрде табыстады. Елі үшін басын қатерге тіккен ардагерге аудан кәсіпкерлері автокөлік кілтін сыйлады.
Ардагерлерді ардақтауға бағытталған бастаманы «Байтақ» партиясының ШҚО филиалының өкілдері де қолдады. Олар арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті. Іс-шара филиал төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Айдар Абдулдиннің қолдауымен өтті.
7 мыңнан астам шырақ жағылды
Ал 9 мамыр күні Өскемендегі «Жеңіс» мемориалдық кешенінде Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан шығысқазақстандық жауынгерлерді еске алуға арналған гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов шығысқазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.
– Бүгін біз Мәңгілік алаудың жанында бас қостық. Бейбіт аспан үшін өмірін қиған боздақтардың алдында бас иеміз. Ардақты ардагерлерге айрықша алғысымызды білдіреміз. Сіздердің ерліктеріңіз – бүгініміз бен болашағымыздың берік негізі. Сіздер – ерліктің, батырлықтың символысыздар. Сіздердің өмір жолдарыңыз – бізге үлгі, патриотизмнің нақты көрінісі, – деді өңір басшысы.
Дәл осы күні Республика алаңында «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» студенттік фестивалі ұйымдастырылды. Оған бірқатар жоғары оқу орны мен колледж студенттері мен оқытушылары қатысты.
- Бүгін облыс әкімдігі, білім, мәдениет және ішкі саясат басқармаларының бастамасымен ауқымды фестиваль өтіп жатыр. Сондай-ақ кәсіптік және техникалық білім беру мекемелерінің өкілдері арнайы көрме ұсынды, - деді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков.
Концерт барысында соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, сахналық қойылымдар ұсынылды.
Ал кешке «Жеңіс» мемориалдық кешенінде мерекелік концерт пен дәстүрге арналған «Шырақ шағу» акциясы өтті. Онда соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, қойылымдар сахналанды. Кештің соңында өскемендіктер «Шырақ жағу» акциясына қатысты. Шамдардан бес бұрышты жұлдыз бен «80» саны бейнеленді. Айта кетейік, биыл акция аясында 7 199 шырақ жағылды. Осылайша, облыс орталығында Жеңіс күнін атап өту мерекелік отшашумен аяқталды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер