15 мамырдан бастап облыста сел қаупі бар кезең басталады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірде барлығы 13 сел қаупі бар ошақ анықталған. Олар Катонқарағай, Зайсан, Алтай аудандарында және Риддер қаласында орналасқан. Аталған аудандардағы таулы аймақтардың жоғарғы бөлігінде 144 мореналық көл қалыптасқан, олар 11 елді мекенге қауіп төндіреді. Сел қаупі бар кезеңде «Қазселқорғау» мамандары көлдердің жағдайын, олардың толу деңгейін және сел мен көшкін ағындарын қалыптастыратын факторларды бақылайды.
Облыста көшкін қаупі бар 9 аумақ бар. Бұл негізінен жағалау беткейлері мен тас жолдардағы, өзен алаптарындағы тау бөктерлері: Громотуха, Үбі, Бұқтырма, Хамир, Черновая, Бұқтырма, Кендірлік.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сел қаупі бар учаскелерде 20, ал көшкін қаупі бар учаскелерде 18 ескерту және тыйым салу белгілері орнатылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға, кәсіпорын басшыларына және сел қаупі бар аумақта орналасқан жекеменшік тұрғын үй иелеріне тиісті ұсыныстар берілді.
Сел-көшкін жағдайын бақылау мақсатында 9 маусымдық және 1 жыл бойы жұмыс істейтін гидропост жұмыс істейді.
ШҚО ТЖД және «Қазселқорғау» ШҚ филиалының мамандары сел және көшкін қаупі бар аймақтардағы таулы жерлерге бармауға кеңес береді.
Төтенше жағдайда “112” нөміріне хабарласу қажет.
Пікірлер