
Өскеменде облыс мектептерінің түлектерімен ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаевтың кең көлемді кездесуі өтті. Іс-шараның бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті.
Кездесудің мақсаты – жастармен ашық диалог құру, отандық жоғары білімді насихаттау және дарынды мектеп оқушыларын қолдау. Облыстың барлық аудандарынан келген 600-ден астам мектеп түлектерімен қатар білім басқармасының өкілдері, мектеп директорлары, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты. Шараны С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген құттықтау сөзімен ашты. Өңірлік жоғары оқу орындарының маңыздылығына тоқталып, олардың отандық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлайтынын атап өтті.
- Біз 2025 жылғы түлектер болашақ көшбасшылар және Қазақстанның гүлденуіне үлес қосатын мықты азаматтар болады деп сенеміз. Біздің университет дарынды жастарды асыға күтеді және академиялық ұтқырлық, халықаралық жобалар аясында жан-жақты дамуларына мүмкіндік береді, - деді ректор.
Министрлік өкілі кездесу барысында мамандық таңдаудың маңыздылығына тоқталып, бүгінде қазақстандық университеттердің сапалы білім беруге толық мүмкіндігі бар екенін айтты. «Study in Kazakhstan» ел Президентінің тапсырмасымен іске асырылып отырған үлкен жоба. Айта кету керек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі соңғы жылдары шетелдің 30-дан астам оқу орындарымен стратегиялық серіктестікке қол жеткізген. Қазіргі таңда Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының бірқатар филиалы ашылуда. Бұл талапкерлердің өз елінен шықпай халықаралық деңгейіндегі білім мен дипломға ие болу мүмкіндігін береді. Биыл қыркүйекте Астанада Кардифф университетінің филиалы ашылады. Бұл университет Ұлыбританияда ғана емес, әлемде жоғары рейтингке ие. ЖОО филиалдары әр өңірдің ерекшелігін, еңбек нарығын зерттей отырып кадрлар дайындайды.
- Бүгін Шығыс Қазақстанның талапкерлеріне биылғы ҰБТ өткізу мәселелері түсіндірілді. Өңір түлектері мегаполистерден бөлек, академиялық көрсеткіштері жоғары болып тұрған аймақтағы оқу орындарын таңдаса деймін. Себебі мақсат үлкен қалаларға бару емес, жақсы университет таңдау болу керек. Өңірдегі жоғары оқу орындар уақыт талабына сай жаңғырып, дамып келеді. Бірқатарында шетелдік ЖОО филиалдары ашылуда. Атқарылып отырған жұмыстың барлығы жастардың өз елінде халықаралық деңгейде сапалы білім алуларына бағытталған, - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев.
Биыл ҰБТ-ға қатысуға 216 мыңға жуық оқушы өтініш берген. Бұл ел бойынша рекордты көрсетікіш. ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев грант саны былтырмен салыстырғанда өспейтінін баса айтты. Сондай-ақ, әр университет өз шекті балын таңдауға құқылы. Ұлттық университеттердегі шектік бал 90-нан басталып, 130-ға дейін жетеді. Кездесуде Amanzholov University тарапынан талапты түлектерге 14 білім гранты табысталды. Бұл гранттар оқу озаттарына, олимпиадалар мен ғылыми және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарына берілді. Грант иегерлері Өскемен, Семей, Зайсан, Катонқарағай және басқа да өңірлерден келген мектеп оқушылары.
- Amanzholov University-дің 4 жылдық білім грантын ұтып алдым. Өңірдегі үздік ЖОО-да білім алып, тәжірибе жинақтап білікті маман болатыныма сенемін. Білімді, көшбасшы жастардың қатарына қосылатыныма қуаныштымын. ШҚУ студенттерінің шетелде білімін жалғастырып, жаңа мүмкіндіктерге ие болып жатқанын көріп жүрмін, - деді Зайсан ауданы Шілікті орта мектебінің 11 сынып оқушысы Айшолпан Ахатбекова.
- ШҚУ-да өткен информатика пәнінен олимпиалаға қатысып, бірінші орын алдым. Нәтижесінде 4 жылдық білім грантының иегері атандым. Маған осы университеттің зертханалары, заманауи орталықтары ұнайды. Өзім IT саласына маманданғым келеді, - деді Шемонаиха ауданының 11 сынып оқушысы Алексей Хорев
Кездесу барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Кардифф университетінің (Астана) өкілдері де сөз сөйлеп, талапкерлерге оқуға түсу, студенттік өмір және халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы баяндады.
Іс-шара студенттік өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасымен және мектеп оқушылары қатысқан қызықты викторинамен аяқталды. Белсенді қатысушыларға ЖОО ақысына 10% жеңілдіктер мен естелік сыйлықтар табысталды.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер