A+ A A-

talgatzhan 19 15-05-2025, 14:00 0

Өскеменде еңбек пен отбасы құндылықтарын ұштастыруға арналған халықаралық жиын өтті

Бүгін / ШҚО

Облыс орталығында «Жұмыс орындарында отбасына қолайлы саясатты нығайту» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шара Отбасы күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.


Конференцияны Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесе ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты — отбасы институтының еңбек өнімділігі мен экономикалық тұрақтылыққа әсерін ескере отырып, мемлекет, жұмыс берушілер, кәсіподақтар мен сарапшылар арасында өзара тиімді диалог орнату.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, еңбек және кәсіподақ құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Ағыбаева өз баяндамасында қоғамдағы еңбек пен отбасылық қатынастарға қатысты мәселелердің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, әр қызметкер өз міндетін адал әрі сапалы орындағанда, бұл оның жеке әл-ауқаты мен отбасының тұрақтылығына оң әсер етеді.

— Егер адам өз жұмысын жауапкершілікпен атқарса, оның еңбегі де лайықты бағаланып, уақтылы жалақы алып, сыйақыларға да қол жеткізеді. Бұл өз кезегінде отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етеді, — деді ол

Бұдан бөлек конференцияда үлгілі жұмыс берушілер де аталды. Солардың бірі — агроөнеркәсіп саласындағы «Aitas Agro» ЖШС. Компания өз қызметкерлерінің отбасылық өміріне қолдау көрсету саясатын сәтті жүзеге асырып келеді. 

Стратегия және маркетинг жөніндегі директор Әлия Сванованың айтуынша, мұндай қолдау шаралары жұмыс өнімділігіне де оң әсер етеді. 

- Жұмыс уақыты қызметкерлерге ыңғайлы етіп құрылған. Сондай-ақ компания олардың өміріндегі маңызды оқиғалардан тыс қалмауға тырысады, - дейді директор. 

Айта кетейік, бір күнге жалғасқан конференцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық серіктестер, ірі жұмыс берушілер, HR-мамандар, кәсіподақ ұйымдары және қоғамдық ұйымдар қатысты. Жиын онлайн форматта да өтіп, шетелдік сарапшылар да қосылды. Конференция соңында жұмыс берушілер мен жергілікті билікке арналған ұсыныстар топтастырылған арнайы резолюция қабылданбақ.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив