Әділ қазылардың шешімімен “WorldSkills Shygys 2025” аймақтық чемпониатында Өскемен жоғары политехникалық колледжі жеңіске жетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2025 жыл - "Жұмысшы мамандықтары жылы" болып жарияланғандықтан жұмыс орындарының беделін арттыру және техникалық, кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында республика, облыс көлемінде түрлі іс-шаралар өткізілуде. Соның бірі - “WorldSkills Shygys 2025”.
- Бүгінгі шараның мақсаты – кәсіби, талантты маман иелерін қолдау, кәсіптік шеберліктерін арттыру. Қандай мамандық иесі болсын ол құрметтеуге, қадірлеуге лайық. Себебі, өз ісінің шебері болса, жұмысын махаббатпен атқаратын жан болса нағыз мақтауға тұрарлық. Осы чемпионатта біз жастардың, жұмысшы мамандық иелерінің ынтасын, күш-жігерін, мамандығына деген махаббатын көрдік. Ендігі республикалық сайыста жеңімпаз команда жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін, - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Байқау барысында жас мамандар шеберліктерін көрсетіп, өз дағдыларының өндіріске барынша жақын екендіктерін паш етті.
- Женіске жеткенімізге қуаныштымын. Негізі қобалжу болды, себебі қатысушы топтардың барлығы мықты, тәжірибелі мамандар. Осы колледждің студенті екендігімді мақтанышпен айта аламын. Бүгінгі жеңіс – қажырлы еңбек пен сабырлықтың, ізденіс пен талаптың көрінісі. Енді республикалық сайыста оза шауып, жеңіспен оралсақ керемет болар еді, - деді Өскемен жоғары политехникалық колледжінің студенті Расул Саматұлы.
Байқау қорытындысы бойынша, 3-орынды Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі, 2-орынды Риддер колледжі алды. Ал чемпионаттың жеңімпаздары қараша айында Астана қаласында өтетін "WorldSkills Kazakhstan 2025" республикалық кезеңіне қатысып, өз бақтарын сынайды.
Пікірлер