Бүгін облыс әкімдігінде ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары мемлекеттік-жекешелік серіктестікті дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кеңеске аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, Сенат депутаттары, Ұлттық экономика министрлігінің басшылығы мен «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аймақтың әлеуеті мен даму перспективасына тоқталып өтті.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік-жекешелік серіктестікті дамытуға ерекше назар аудару керектігін алға тартты. Өйткені инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру, халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыру - Президенттің Үкімет пен әкімдердің алдына қойып отырған басты міндеті. Шығыс Қазақстан түрлі түсті металл өндіру және қайта өңдеу бойынша ірі орталық саналады. Сондай-ақ сүт және ет шаруашылығы, дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдар, көкөніс пен күнбағыс өсіру арқылы агроөнеркәсіп кешені алға жылжуда, - деді ол.
Сонымен қатар өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі шеңберінде жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс жалғасып жатыр.
- Қазіргі таңда облыста жалпы құны 12,2 млрд теңгені құрайтын 47 мемлекеттік-жекешелік серіктестік шарты жасалған. Оның ішінде білім беру саласы бойынша 44 (4,3 млрд теңге), дене шынықтыру және спорт - 1 (7,8 млрд теңге), көлік - 1 (24,6 млн теңге) және денсаулық сақтау - 1 (16,7 млн теңге) келісімшарт бар. Негізгі үлесі, яғни 87%-ы мемлекеттік міндеттемелерді төлеуді талап етпейтін 3 санаттағы жобалар екенін атап өткен жөн, - дейді облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы.
Белгілі болғандай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бекболат Орынбековтің айтуынша, мемлекеттік-жекешелік серіктестікке байланысты қабылданған Заң бойынша жұмыс істеу үшін толық зерделеу, талдау жұмыстарын жүргізу керек.
- Жалпы, мемлекеттік-жекешелік серіктестіктің негізгі мақсаты - бюджет қаражатын тиімді пайдалану және үнемдеу. Шығыс Қазақстан облысына іссапар барысында аталған салада тиімділікті арттыру үшін Заңға қажет өзгерістер мен мәселелерді шешу жолдарын талқылаудамыз. Жалпы алғанда, республикалық деңгейдегі 14 мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобасы бар. Аймақтарда 789 жоба іске асырылып жатыр. Бүгінгі дөңгелек үстелде қажет ақпараттар жинақталып, мемлекеттік-жекешелік серіктестікті дамыту, заңнаманы жеңілдету, кәсіп иелерін қолдау туралы айтылды. Нақты ұсыныстар Үкіметке жіберіледі, - деді Бекболат Серікбекұлы.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда 2021-2025 жылдар аралығындағы мемлекеттік-жекешелік серіктестік жобаларына 89 млрд теңге көлемінде лимит бекітілген еді. Қазіргі таңда өңір республикадағы жобалар көлемі бойынша үшінші орында тұр.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер